Қостанайда Chevrolet Onix желісі іске қосылды
Қостанайдағы Allur зауытында Chevrolet Onix автокөлігінің ұсақ торапты өндірістік желісі іске қосылды.
Замануаи технологиялық кешен жыл сайын 30 мың көлік шығарады. Жаңа желінің ашылу салтанатына өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, General Motors және UzAuto компанияларының топ-менеджерлері қатысты.
General Motors компаниясымен бірлескен жобаға 30 миллиард теңгеден астам инвестиция салынды. Мұндай өнеркәсіптік кооперация отандық автоөндірістің дамуына тың серпін бермек.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Осы зауытта жұмыс істейтін барлық әріптесімді бүгінгі маңызды күнмен құттықтағым келеді. Сіздер өз қолдарыңызмен еліміздің индустриалды болашағын қалап жатырсыздар. Біз үшін бұл өндірісті әрі қарай өркендетіп, оны барынша жергіліктендіру аса маңызды.
Автоөндірісті жергіліктендіру мақсатында Allur зауытында қосалқы бөлшектер өндіретін оқшаулау орталығы салынады. Мұндай кәсіпорын Қазақстанда бұрын-соңды болмаған. Сондай-ақ жоғары денгейде автоматтандырылған пластик бөлшектерін бояу цехын ашу жоспарда бар.
Шилпан Амин, General Motors International президенті:
- Біз қашанда өндірісті өркендету, кеңейту жолдарын іздейміз. UzAuto, Allur және General Motors-тың бірлескен инвестициясы мен ерік, жігерінің арқасында Қостанайда Chevrolet Onix автокөлігінің ұсақ торапты өндірісі қолға алынды. Бұл – табысты серіктестіктің нәтижесі.
Жаңа өндірістік кешен робот-лазерлік дәнекерлеу жүйесімен жабдықталған. Автоөндірісті автоматтандыру бойынша Allur зауыты қазір ТМД аумағында көш бастап тұр.
Әділ Шайкемелов, Allur автозауытының өндірісті оқшаулау бөлімінің басшысы:
- Еуразиялық елдердің бірінде жоқ лазерлік дәнекерлеу қолданылатын технология осы біздің Қостанай өңірінде іске қосылып отыр. Бұл – үлкен қадам. Осы жобаны іске қосудың арқасында жаңа 400-ге жуық жұмыс орындары ашылып жатыр. Chevrolet Onix брендінің автокөлік өндірісі жылына 30 мыңға дейін автокөлік шығаруға мүмкіндік береді.
Мұндағы мамандардың дені – жергілікті автомобиль колледжінің түлектері. Соңғы жылда машина жасау мамандығын таңдаушылардың саны 5 есе өсіпті.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров.