Астананың Көктал-1 тұрғын алабында Наурыз мерекесі тойланды
Еліміз Наурыз мейрамын жаппай тойлап жатыр.
Бір аптадан бері жұртшылықты шаттыққа бөлеп келген мереке бүгін, тіптен түрлене түскен. Сондай бір тамаша той-думан Астананың Көктал-1 тұрғын алабында өтіп жатыр. Шараға барған әріптесіміз, көкталдықтар үшін биылғы наурыздың несімен ерекше екенін біліп қайтты.
Наурыз ел бірлігінің көрінісі. Мұны шат-шадыман халықтың көңіл-күйінен көресіз. Әуелеген ән мен күй, қаймағы бұзылмаған ата дәстүр, ұлттық спорт түрлерінен кім мықтыны анықтау - бүгінгі мейрамның сәніне айналған. Және мұның бәрін тұрғындар жай қызықтап қана қоймай, ұйымдастыруына да толықтай ат салысқан.
Айнұр Сауанқызы, Сарыарқа ауданы әкімі аппараты бөлімінің маманы:
"Дәл бүгінгі мерекемізге орай, мына Көктал-1 тұрғын алабының тұрғындарына арналған Наурыз мерекесі. Бұл жерде ерекшелігі сол - сол тұрғындардың өз күшімен жасалынып жатқан мереке, дәл бүгінгі мереке. Сарыарқа ауданы бойынша негізінде 4 локацияда болып жатыр. Және өнер көрсететін Көкталдағы Junior Hall деген орталығымыз бар. Жас өнерпаздар өнер көрсетеді. Бүгін солардың күшімен үлкен концерт болады."
Мерекені ұйымадстыруға жеріглікті халық атсалысып, жергілікті әкімдік, ақсақалдар қауымы мұрындық болған. Соның басы қасында бүгінгі мерекеге қос немересін ерте келген Абзал Теміров те бар.
Абзал Теміров, қала тұрғыны:
"Қоғам бар ғой бізде. "Аталар қоғамы". Сол Аталар қоғамында әр жұма күндері отырып, шай ішіп, әңгімелесеміз. Кімде не бар, қандай қиыншылық, қандай жақсылық дегендей. Сол жерге қоғамға салып, жастарды шақырып, барлығы айтты: "әй, ертең осы 21-22 наурызда бас қосып, наурыз көже істеп, елге көрсетейік, Наурызды өткізейік ел қатарлы дедік".
Ақсақалы бастап, әкімі қолдаған игі шара мұндағы жұрттың бірлігін, ынтымағын көрсетеді. Ел ағалары осы әрекетімен көпшілікке үлгі. Олар өзгелерді де осы іске белсене қатысуға шақырып, қаламыздың гүлденуіне атсалысқанын қалайды.
Ердана Ержанұлы, Мұрат Әріпханов