Елордада қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр
Елордада отандық және шетелдік қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр.
"Наурыз базары" атты іс-шараға зергерлер, музыкалық аспап өндірушілер, керамика, металл, жібек мата мен киіз, тоқыма кілем өнеркәсібінің мамандары келді.
«Наурыз базары» жәрмеңкесі ЭКСПО халықаралық көрме орталығының қабырғасында ұйымдастырылды. Оған отандық шеберлермен қатар 10-нан астам шет елден мамандар қатысып жатыр. Мәселен, Өзбекстан мен Тәжікстан павильондары ұлттық оюымен өрнектелген керамика ыдыстарын ұсынса, Түркменстан мен Әзербайжан өкілдері сапалы кілемдерін көрсетті. Ал ирандықтар павильон сөресіне қоладан жасалған бірнеше шәйнек-құманын қойды.
Мақсат Жаңабаев, қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
- Қала қонақтары біріншіден жәрмеңкеден әлдене сатып алады. Баға тиімді. Мұндай қолөнер бұйымдарын тек осы базардан табуға болады. Өйткені олар күнде шыға бермейді. Бәрі сатылымда.
Тағы Қырғызстан, Татарстан, Башқұрстан павильондарында қолжетімді бағамен сауда жасауға болады. Құрметті меймандардың арасында қыш құмыра жасаудан әлем чемпионы Ахмет Ташхомджу да бар. Ол биіктігі 6 метрге жуықтайтын құмыра жасағаны үшін Гиннестің рекордтар кітабына енген түркиялық шебер.
Ахмет Ташхомджу, қыш шебері:
- Менің бұйымдарын қазақстандықтарға ұнап жатқанын байқадым. Келіп, сұрап, сатып алып жатыр. Қолымнан шыққан өнімім әр түрлі. Бағасы шамамен 25 мың теңгеден басталады. Сапасына кепілдік бере аламын.
Мейрамға орай шаруа қожалықтарының құнарлы азық-түлік өнімдері ұсынылған жәрмеңке де жұмыс істейді. "Наурыз базары" жәрмеңкесі шеңберінде шығыс елдерінің ұлттық асханасына арналған фестиваль ұйымдастырылды. Мұнда келген әр мейман Наурыз көже мен ыстық палаудан, тағы бауырсақтан дәм тата алады. Ал мерекелік концерттер мен ұлттық ойындар 23 наурызға дейін жалғасады.
Мирлан Алтынбек, Ақылбек Есімсейітов, Досхан Қораз