Астанада ескерткіштер аумағы абаттандырылды
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Астанада тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағы абаттандырылды.
Белсенді азаматтар белгілі тұлғалардың мүсінін тазалап, айналасын ретке келтірді. Экологиялық акция асында қаладағы 20 шақты ескерткіштің маңы тазаланбақ.
Астанадағы ескі ауданның көркін келтіріп тұрған ескерткіштердің бірі академик Қаныш Сәтпаевқа тиесілі. «Киелі мекен» апталығы аясында тарихи тұлғаға берілген көше бойында тазалық акциясы ұйымдастырылды. Белсенді азаматтар айналаны тазартуға атсалысты.
Мирас Қалтаев, Қ. Сәтбаев атындағы №61 мектеп-лицей оқушысы:
- №61 мектеп-лицейі кадеттер оқу ротасынан 10 шақты бала болып келіп, осы Қаныш Сәтбаев атындағы ескерткіштің шаңдарын сүртіп, қоқысты тазаладық. Курсанттардың көңіл күйлері жақсы. Барлығы бір кісідей ұйымдасып, жұмыс жасап жатыр. Біз әр жыл сайын осындай сенбіліктерге келіп тұрамыз.
Қыста қар тазалау кезінде ескерткіштерді сырып, плиталарды зақымдап кететіндер бар. Ал жазда сол маңда скейтборд тебетіндер көрнекті орынның көркін бұзады, – дейді Бірлескен мұражайлар дирекциясының мамандары. Сондықтан бірінші кезекте вандализммен күресіп, қоғамдық мәдениетті арттыруға шақырады.
Өмірбек Жұмағұлов, Бірлескен мұражайлар дирекциясының қызметкері:
- Қыстан кейін шаң, тот басқандарды тазалап жатырмыз. Кеше біраз ескерткіштерді тазалап шықтық. Бауыржан Момышұлын, Рақымжан Қошқарбаев, Панфилов, Ауған, Чернобыль. Сондай. Бүгін Қаныш Сәтбаевтың ескерткішінің қасында тұрмыз. Тазалық өзімізге де жақсы, кешке жақын мына жерге демалсаң да, таза болған қандай жақсы.
Шара аясында шаһардағы ескерткіштердің барлығы абаттандырылып, олардың аумағын ретке келтіру жұмыстары жүргізіледі. Айта кетейік, Астана 49 ескерткіш пен 33 тарихи ғимарат бар.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ержан Рахманбердиев.