Елордада насыбай мен вейп саудасының жолын кесу үшін рейд жалғасып жатыр
Бүгін Байқоңыр ауданының жергілікті полиция қызметкерлері сауда орындарын аралап, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сатуға тыйым салынған вейпті көбіне жастар іздеп келсе, насыбайдың тұтынушылары 40-тан асқандар екен. Бұл – қарапайым сатушылардың сөзі. Осыған дейін полиция қызметкерлері заң бұзушыларды тосыннан әшкерелеу үшін жоспардан тыс тексеру жүргізіп, аңдаусызда үстінен түскен болса, бұл жолы олар елордадағы бірқатар ірі сауда орталығына барып, ақпараттандыру жұмыстарымен ғана шектелді. Өйткені рейд мақсаты жаппай айыппұл салу емес, – дейді ұйымдастырушылар.
Бекзат Үсіпбеков, сатушы:
- Уақытысында болған, бірақ қазір жоқ. Бұрын сұраныс болған. Насыбайды көбіне 40-50 жастағы кісілер іздеп келеді. Жастар іздемейді. «Жоқ», – деп айтқанымызда олар: «а-а», – деп кетеді. Басқа реакцияларын байқамадым. Сұраныс болған қазір тоқтады ғой.
Акцияның өтуіне ұйытқы болған Байқоңыр ауданы әкімдігінің өкілдері тұрғындарды ағзаға зиянды заттардан аулақ болуға шақырды. Өйткені вейптен өкпе қабынып, арты астмаға ұласады. Ал насыбайдан ауыз қуысының шырышты қабығы ойылып, салдарынан түрлі онкологиялық ауруларға әкеледі.
Марат Жұмабайұлы, Байқоңыр аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы:
- Заңсыз сауданың алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ақпараттандыру жағы жан-жақты болғанымен, халыққа түсіндіруден еш жалықпаймыз. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 196 бабына сәйкес насыбай мен вейп сатқандар 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Бұл шамамен 92 мың теңге. Заңға шекеден қарағандар анықталған жағдайда әкімшілік хаттама толтырамыз. Сатуға тыйым салынған заттарын тәркілейміз. Артынша қабылдау актісі бойынша әкімдікке тапсырамыз. Олар өз кезегінде заңсыз сатылған өнімді жояды.
Учаскелік инспектордың айтуынша, шектеу енгізілгелі бері насыбай мен вейп сатушылардың саны күрт азайған. Мұны бас шаһардағы жол жиектерінің тазалығына қарап аңғаруға болады.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Қанат Махмұтов.