Қарағандылықтар Бұқпа өзенінің бойын тазалады

Қарағандыда экологиялық акцияның «Мөлдір бұлақ» апталығы аясында Бұқпа өзенінің бойында сенбілік өтті.

Еріктілер мен мемлекеттік қызметшілер, ұстаздар маңайдағы қоқысты жинап, үйінділерді полигонға тасыды.

Мереке күніне қарамастан сенбілікке 100 астам адам келді. Олар Бұқпа өзені бойынан шамамен 500 қап қоқыс жинады. Осылайша, қала ішімен өтетін су арнасын айтарлықтай тазартты.

Рахат Райымбеков, волонтер:

- «Мөлдір бұлақ» апталығы өтіп жатыр. Осы апталықытң арасында біз бұлақтардың, көлшіктердің маңайын жинап жүрміз. Осы негізі біздің қаламыздың экологиялық жағдайы ғой. Әр адам қоқысты лақтырмаса, жинап жүрсе, ол өзімізге де, келген қонақтарға да жақсы ғой.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы қалада 5 мың тонна қоқыс жиналған. Сенбіліктерге 10 мыңнан астам тұрғын атсалысты. Бүгін де тазалық жұмыстарына ерікті түрде келгендер көп болды.

Жанаргүл Зейнеғабиева, Қарағанды жоғары мейіргерлік колледжінің оқытушысы:

- Әрине, біз, біріншіден, өзіміздің белсенділігімізбен осы жерге келдік. Менің басшылығыммен 12 волонтер келіп отыр. Бізге керекті дүниелермен қамтамассыз етті. Сондықтан да біздің қолымызда, әр адамның еркінде деп есептеймін осындай шараларға қатысып, азаматтық борышын өтеу.

Тазалық жұмыстарына қала бойынша коммуналдық қызметтің 155 техникасы мен 200 жұмыскері де жұмылдырылған. Сенбілік облысқа қарасты барлық  қала, аудандарда да өтті.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.