Елордада 10 тонна насыбай өртелді
Акцияны Астана қаласы әкімдігі мен Полиция департаменті ұйымдастырды.
Рейдтік шаралар басталғалы жиылған зиянды өнімді жою жұмыстары қала шетіндегі арнайы орында өткізілді.
Дені сау ұрпақ қалыптастыру үшін қарап жатуға болмайды. Елордалық қыз-жігіттер осылай дейді. Демалыс күні болса да, қолдарына жалау алып, қала сыртына жиылған олар 10 тонна насыбайды жоюға жұмылды. Әрине, алдымен қауіпсіздік жайын қамдап алған дұрыс. Сондықтан өртеу жұмыстарын арнайы мамандарға тапсырды.
Мағзом Арсланбек, Астана қаласы мәслихатының депутаты:
- Жастар белсенді қатысып жатыр. Қала бойынша 5 мыңдай тұрғын сенбілікеке қатысқан болатын. Біз қазір акцияны жалғастырып, «Таза Қазақстан» акциясы аясында 10 тонна шегілмейтін темекі өнімдерін жояйын деп жатырмыз. Бұл – жалпы Астана қаласының Полиция департаментімен бірлесе отырып, жұмыс барысында заңсыз, кей кәсіпкерлерден тәркіленген, шегілмейтін темекі өнімдері.
Қазір тыйым салынған өнімге 25 жасқа дейінгі жастар құмартып жүр. Десе де күрес шараларын тоқтатпасақ, теріс әдетке тез арада тосқауыл қоюға болады. Мұндайда бастысы, жүйелі жұмыс пен байыпты насихат керек, – дейді жастардың өздері.
Турабек Асланов, волонтер:
- Бұл акциясының маңызы, жастар арасында, қоғамда шегілмейтін темекілерді жою мақсатында ұйымдастырылып отыр және де бұл акция біздің Президентіміздің бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылып отыр. Біз елордалық жастар бұл акцияны қолдаймыз.
Қалада тыйым салынған, шегілмейтін темекі өнімдерін тәркілеу жұмыстары наурызда басталды. Алғашында 4 тонна, ал бүгін 10 тонна насыбайдың көзі жойылды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған іс-шара алдағы уақытта да жалғаспақ.
Авторы: Назерке Тоқжан.