Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында музыка кеші өтті

«Музадан музыкаға».

Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында осындай тақырыппен классикалық музыка кеші өтті. Концертте Alem Trio жобасы біріктірген әлемге танымал мега жұлдыздар Марат Бисенғалиев, Әлім Бейсембаев  пен Эльдар Сапараев өнер көрсетті. Мәдени шара Франциядағы қазақстандықтар қауымдастығы мен Halyk Bank-тің қолдауымен ұйымдастырылды. 

"Бұл жай ғана классикалық концерт емес. Бұл музыкалық шеберліктің, мәдени алмасудың мерекесі». Кешке музыкатанушылар осылай деп баға берді. Расында үш бірдей отандасымыз-скрипкашы Марат Бисенғалиев, пианист Әлім Бейсембаев және виолончелист Эльдар Сапараев өз талантымен бүкіл Европаны мойындатқан. Қазір әлемнің үздік сахналарында өнер көрсетіп жүр. 

Берлин Иришев, Франциядағы Қазақстандықтар қауымдастығының президенті, бас продюсер:

- Осындай концертті беру көптен бері ойда жүрген. Өнер кешінің өтуіне Halyk Bank ұйытқы болды. Ұсыныс білдіріп едік бірден қолдады. Alem Trio деп аты айтып тұрғандай  әлемге танымал жұлдыздар. Үшеуі үш елде тұрып жатыр. Жұмыс кестелері тығыз. Соған қарамастан елге келіп концерт беруге келісті. Көріп отырсыздар оларға деген халықтың ықыласы ерекше. 

Айта кетейік, бұл Alem Trio-ның Алматыдағы алғашқы концерті. Музыканттар Моцарт, Дебюсси, Мендельсон, Лист, Венявский және Меңдығалиевтың танымал туындыларын орындады. 

Жәния Әубәкірова, Қазақстанның халық артисі, пианист:

- Бізге осындай кеш сыйлаған Халық Банкке алғысым шексіз. Білесіздер мен өзім музыкантпын. Бисенғалиевпен бірге талай өнер көрсеткенбіз. Ал Әлім Бейсембаев менің авторлық мектебімде оқыған. Сапараевтың шығармашылығымен де жақсы таныспын. Олардың бірігіп өнер көрсетуі айтулы оқиға болды. 

Alem Trio-ның жоспары ауқымды. Осы күзде Женевада концерт береді. Одан кейін Париж, Лондон, Токио, Нью-Йоркте өткізуді көздеп отыр. Жеке бағдарламалары да бар. Осылай Қазақстанның классикалық музыка саласындағы жетістіктерін әлемнің үлкен сахналарында дәріптей бермек. Ал Halyk Bank мұндай мәдени шараларға демеушілік жасауды жалғастырады. 

Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев