Алматыда дайын өнім сақтайтын қойма ашылды

Еліміздегі полипропилен өндіретін Kazakhstan Petrochemical Industries газ-химия заводы Алматыда 500 тоннаға дейін дайын өнім сақтайтын қойма ашты.

Рәсімге Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері, мұнай-газ-химия өнімдерін өндірушілер мен полимерді қайта өңдейтін компания басшылары қатысты.

Алматы маңында полипропиленді сақтау қоймасын ашу – нарық талабы. Енді Алматы мен облыста орналасқан қайта өңдеуші компанияларға полимер қолжетімді болады. Логистика мәселесі жеңілдеп, жеткізу мерзімі айтарлықтай қысқарады.

Дамир Абельдинов, сату және клиенттік сервис қызметінің басшысы:

- Алматы мен Алматы облысында 50-ге жуық компания біздің өнімді тұтынады. Біз ішкі нарықты дамытып жатырмыз. Алматыда өз қоймамыздың болғаны ірі қайта өңдеушілерге қысқа мерзімде полипропилен алуға, ал шағын және орта бизнес өкілдеріне өнімді өздеріне қажетті мөлшерде сатып алуға мүмкіндік береді. Қоймада KPI зауытынан шығатын полипропиленнің барлық маркасы сақталады.

Қойманың ашылу салтанатында КРІ мен «Қазполиснаб» серіктестігі салмағы 17,5 тонна болатын 20 паллетті жіп өндіруші компанияға жеткізу туралы келісімге қол қойды. Бұл серіктестік айына 130-150 тонна полипропилен тұтынады.

Әділхан Темірбеков, «Қазполиснаб» ЖШС директоры:

- KPI кешені іске қосылғаннан бастап біз импортқа тәуелділіктен арылдық. Алматыда дайын өнімді сақтау қоймасының ашылуы компанияның өз клиенттеріне деген көзқарасын білдіреді. Өнімдердің барынша қолжетімді болуын қамтамасыз етуге ұмтылатынын көрсетеді. Бұл осы өңірдегі өндірістің одан әрі дамуына әсер етеді.

KPI компаниясы жергілікті қайта өңдеушілерге қажетті көлемдегі өнімді тасымалдауды жоспарлап отыр. Бүгінде компания құрылыста, медицинада, тамақ және тоқыма өнеркәсібінде қолданылатын 9 полипропилен маркасын шығарады.

Авторлары: А. Садуақас, Радик Жакупов.