359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Домбыра шебері Алмас Серікұлымен сұхбат

  • 3155
Домбыра шебері Алмас Серікұлымен сұхбат

Бүгін Қазақ елі үшін ұлы күн десек, асырып айтпағанымыз болар. Себебі елімізде жаңа мереке – Ұлттық домбыра күні бар сән-салтанатымен тойлануда.

Еліміздің тек ірі қалаларында емес, сонымен қатар әр аймақтарында мереке кеңінен аталып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуді көздейтін түрлі іс-шаралар атқарылуда.

Маңызы зор мереке  қарсаңында еліміздің танымал домбыра шеберлерінің бірі Алмас Серікұлымен сұхбаттасуды жөн көрдік.

- Домбыра жасау өнерін кімнен үйрендіңіз, әлде отбасыңыздың баяғыдан келе жатқан ісі ме?

- Мен ес білгелі, екі-үш жасымнан бастап сурет саламын. Қол өнерге деген қызығушылығым осы сурет салудан бастау алды. Кейін Абай атындағы педагогикалық университетінің Көркем сурет факультетінің Сәндік қолданбалы өнерінің мамандығында білім алдым. Негізі бұл кәсіп нағашыларымның жағынан дарыған. Кезінде менің нағашы апамды зергерлер жанұясынан шыққандықтан, «біздің  ұрпаққа да бұл өнер дарысын» деген оймен атама алып берген екен. Мен тек ағашпен ғана жұмыс істемеймін, сонымен қатар зергерлік бұйымдарды да жасаймын. 

- Ең бірінші сатылған домбыраңыз туралы айтып берсеңіз.

- Шынымды айтсам, ең бірінші сатылған домбырам есімде жоқ екен. Өйткені, бұл 13 жыл бұрын болған. Біздің бірінші домбыраларымызды ұстазымыз сататын. «Кімге? қаншаға? қайда?» деген сұрақтарда жұмысымыз жоқ болатын. Тек есімдегісі, алғашқы домбыраларымның бірін Нұртілеу Иманғалиұлы немересіне арнап өз қолымнан сатып алған болатын.

- Қолданатын материалдар жайлы: қайсысын табу қиын/оңай? Қайсысы мықтырақ дегендей. Қай материалмен өзіңізге жұмыс жасаған ұнайды?

- Біз пайдаланатын материалдардың табу қиыны – бұл домбыраның бетін жабатын шырша. Себебі шырша ұзақ уақыт кептірілуі керек, оның жылдық сақинасы жиі болуы қажет деген талаптары бар. Елімізде бұл ағашты кесуге рұқсат жоқ, сондықтан біз оны шет елдерден алғыздырамыз. Қазіргі кезде курьерлік қызмет жақсы дамығандықтан, материалды табу-жеткізу қиындық туғызбайды. Тек бағалары қымбат.

- Өзіңізді «Ағаш шеберімін» деп айта аласыз ба?

- Ауызекі тілде «шебермін» деп айта береді ғой. Бірақ меннен де асқан хас шебер ағаларым көп, менің артымнан ілесіп келе жатқан жастар да бар. Бірақ бүгіндері адамға тек шебер болу жеткіліксіз. Бізге іскер болу керек. Себебі шеберханаң болып тұрып, наныңды таба алмай қалуыңда мүмкін. Өйткені істі жарнамалап, өнімінді көрсетіп, адамдармен тіл табыса білу маңызды.

- Керемет 1000 долларлық домбыраларыңыз бар екен. Бұл бағаны өзіңіз қойдыңыз ба? Алушылар көп пе?

- Мың доллар деген де, бұл кесіп-пішіп қойылған баға емес. Мен жасаған аспаптардың бағасы 200 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін барады. Аспаптың бағасы өзіміздің жылдық өтілімізге байланысты бағаланады. Жалпы осындай домбыраларды көбіне сол домбыраны кәсіп етіп, айтысқа шығып, одан жүлделер алып, автомобиль мініп жататындар алады. Немесе жастардың арасында жақсы дамыған асабалық ететіндер алады. Бір сөзбен айтқанда, сол домбыра мен өзінің өнері арқылы шығындаған ақшасын қайтарып алатын азаматтар алады. Шыны керек, қазір жақсы өнім болса,адамдар бағасына қиналмайды. Себебі ел экономикасы көтеріліп жатыр. Адамдар қолында бар ақшасына сай домбыраларды сұрайды.

- «Алмастер» авторлық этноқолөнер шеберxанасы жайлы ақпарат беріп өтсеңіз. Бүгінде қанша шәкіртіңіз бар?

- «Алмастер» авторлық этноқолөнер шеберxанасының жеке жұмыс істей бастағанына 7 жыл болды. «Дала сазы» деген саз аспаптары өнімін шығарамыз. Одан бөлек жуырда «Аспан тау» деген арнаулы этно-премиум сыйлықтар дайындайтын шеберханамыз ашылады. Ағаш, металмен қатар тері, қыш бұйымдар, мүсін құю сияқты өнерлердің ортақ алаңы болатын үлкен шеберхананы іске қосу жоспарымызда бар. Осы уақыт аралығында, яғни 7 жылда, менің шеберханамда 60-қа жуық шәкірт білім алып, өз алдарына іс ашты.

- Домбыра таңдағанда қандай белгілерге назар аудару керек? Оқырмандарымызға нендей кеңес бересіз?

- Домбыра таңдаған адам, біріншіден, домбыра тарта білу керек немесе тарта алатын, үнін тыңдай алатын адамды қасына ертіп алғаны дұрыс. Басты талаптардың бірі – домбыра қолға жайлы болуы тиіс. Домбыра таңдау кезінде мықты маманның немесе домбыра ұстағанына көп болған білікті адамның қасында болғаны дұрыс қой.

Мысалы, біз домбыра сатар алдында тұтынушыдан «Сіз домбыраны кімге іздеп жүрсіз? Қандай аспап керек? Қай өңірденсіз?» деген  сұрақтарға жауап аламыз. Себебі әр өңірдің тиктоникалық ерекшелігі бар, соған қарап та домбыра таңдалады. Бір жердің табиғаты ыстық, ал екіншісінде керісінше салқын. Ал бұл домбыраның материалына әсер етпей қоймайды. Кімге арналғанын, қай жерде тұратынын, ән айтатынын немесе жыр,терме, күй тартатындығын біліп барып, есептеп, содан кейін ғана барып қажетті өнімді ұсынамыз.

- Қызықты сұхбатыңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Оқырмандарымыз өздеріне пайдалы ақпарат алатынына сенімдіміз.

Хабар 24 телеарнасы