352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысында 100-ге тарта отбасы қоныс тойын тойлады

  • Read 106 times
Жамбыл облысында 100-ге тарта отбасы қоныс тойын тойлады

Елорданың 20 жылдығына 20 әлеуметтік нысан.

Жамбыл облысында бүгінге дейін велобаза, бірнеше балабақша, медициналық амбулатория, спорт кешендері мен тарихи өлкетану музейі ел игілігіне берілді. Бүгін тағы Талас ауданы мен Жамбыл ауданының 100-ге тарта отбасы қоныс тойын тойлады. Жергілікті билік тұрғындарға пәтер кілттерін табыс етіп, мерекелік тарту жасады. 

Бұл – Әсем Нұрмаханованың 9 жыл кезекте тұрып қол жеткізген баспанасы. Жалғызбасты ана бұған дейін балаларымен екібөлмелі пәтерді жалдап тұрған. Енді бұл отбасы Астана күні мерекесін өз шаңырағында тойлайтын болды. Жаңа қонысқа ие болған ауыл тұрғынының қуанышында шек жоқ. 

Әсем Нұрмаханова, Аса ауылының тұрғыны:

- Асхана бөлмеміз. Мына жақ жатын бөлмеміз. Алдымыздағы, өзіңіз көріп отырғандай, үлкен зал. Қонақ күтетін бөлмеміз. Тұрғын үй кезегінде 2009 жылдан бері тұрып жатырмын. Бүгін өте керемет күн болды. Үш баламның несібесіне пәтерлі болып жатырмын.

Аса ауылында «Бәйтерек» алқабындағы үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерді. Заманауи үлгіде тұрғызылған баспана кезекте тұрған 18 ауыл азаматына берілді. Келешекте бұл жерде тағы 9 үй салынады. Оның біреуінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Жоспар толық жүзеге асса, 200-ге тарта отбасы қоныс тойын тойлайды.

Қайрат Тілеубаев, Жамбыл аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы:

- 167 миллион теңге көлемінде қаражат жұмсалған. Үйдің қасына алдындағы инфрақұрылымын, қазандығын салу үшін қосымша облыс көлемінде 91 миллион теңге қаражат жұмсалды. Осының барлығы биылғы жылдың ішінде бітті. Қазіргі кезде аудан көлемінде кезекте тұрған адамдардың саны 400-ден асады.

Ал Қаратау қаласында 70 адам пәтерлі болды. 90-жылдары бос қалған көпқабатты үйлер «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында жөнделіп, елге шетінен үлестіріліп жатыр. Қазір шағын шаһарда осындай тағы 6 үй жаңғыртылуда. Нәтижесінде қаладағы пәтер кезегіндегі 1700-ге жуық тұрғынның 440 азаматы баспанамен қамтылады.

Жалпы, облыста соңғы 10 күнде бірнеше спорт кешені, медициналық амбулатория, тарихи өлкентану музейі сияқты жиыны 20 әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді. Оның ішінде 8-і балабақша. Осының арқасында аймақтағы 1000-ға тарта бөбек мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылып отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

back to top
Хабар 24 телеарнасы