USD 340.27

EUR 396.40

РУБ 5.34

Мемлекет басшысы ресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды

Мемлекет басшысы ресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды

Елбасының Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясында жалпы құны 10 млрд доллар болатын келісімдер бекіді. Сондай-ақ 2020 жылы Дубайда өтетін «ЭКСПО-2020» дүниежүзілік көрмесіне еліміздің қатысуы туралы шарт жасалды.

Демалыс күндеріне қарамастан Елбасының жұмыс кестесі тығыз. Қазақ көшбасшысын БАӘ құшақ жая қарсы алды.

Салтанатты қабылдаудан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Абу-Дабидің тақ мұрагері, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді. Президент бұл сапардың ерекшелігіне тоқталып, табысты кездесулер екі ел арасындағы байланыстардың дамуына тың серпін беретінін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Көңіл бөліп, осыншама құрмет көрсетіп жатқаныңызға шын жүректен ризамын. Сіздің қызметіңіздің арқасында Эмираттар қазір осы өңірдегі негізгі күш болып отыр. Биыл сіздің әкеңіз шейх Заидтың жүз жылдығы болып жатыр. Ол кісі өте үлкен мұра қалдырды. Сізді жақсы көрді. Сол тілегінің арқасында қазір ел басқарып отырсыз. Ол кісінің жаны әр уақытта жұмақта болсын. Әр уақытта әруағы сізді қолдасын.

Қазақстан мен БАӘ арасындағы сауда-саттық былтыр 2 есеге артып, шамамен 700 миллион долларға жуықтады. Осылайша алыс-беріс жыл санап артып келеді. Қос мемлекет арасындағы визасыз жүйе ықпалдастықты одан сайын арттыра түспек. Тараптар жеткен жетістікке тоқмейілсімей инвестицияларды қорғау, ғарыш технологиялары, гидроэнергетика, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға мүдделі. Сапардың нәтижесі жаман емес. 6 түрлі құжат бекіді. Соның бірі екі ел үкіметі арасындағы инвестицияларды арттыру және өзара қорғау туралы келісім.

Бұдан бөлек Атырау облысында 2021-2024 жылдар аралығында интеграцияланған газ-химия кешенін салуға қатысты меморандумға қол қойылды. Құны 6 жарым млрд доллар болатын жобаның 50 пайыз акциясы «Самұрық Қазынаның» еншілес компаниясы тиесілі. Сондай-ақ Атырауда полипропилен өндіретін тағы бір зауыт салынады. Оның құрылысы биыл басталып, алдағы 4 жылда аяқталуы тиіс.

«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының 49% акцияларын сатып алу бойынша шектелмелі келісім де жасалды. «Ди Пи Уорлд» компаниясы мен «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының капиталына кірудің негізгі қағидаттары туралы құжат бекіді. Шетелдік компания теңіз портын одан әрі дамыту үшін инвестиция құйып, жаңа технологияларды енгізу арқылы бәсекеге қабілетті өнім өндіруге атсалыспақ. Онда 2020 жылға дейін 1 млрд доллар қаражат тарту көзделіп отыр.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

- Елбасының Біріккен Араб әмірліктеріне сапары аясында біздің елдер үшін стратегиялық маңызды құжаттарға қол қойылды. Атырау облысындағы полиэтилен, полипропилен жобаларына және Ақтау теңіз порты мен «Қорғас–Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын дамыту жөніндегі ірі жобаларға Араб әмірліктерінен инвестиция тарту, еліміздің экономикасын қарыштап дамытуға серпін береді. Бүгін қол қойылған құжаттардың жалпы соммасы 10 млрд доллар. Бұл тікелей тартылатын инвестициялар. Біз қол жеткізіген уағдаластықтар Қазақстан мен Біріккен араб әмірліктері арасындағы инвестициялық әріптестікке тың серпін беретініне сенімдіміз.

Елбасының шетелге жасайтын сапарларының түпкі мақсаты - елге инвестиция тарту. Президент қалталыларды Қазақстанға қаражат құйып, өздеріндегі жаңа технологияларды елімізге енгізуге шақырады. Мәселен, қол қойылған «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын дамыту туралы келісім Нұрсұлтан Назарбаевтың былтыр Араб Әмірліктеріне жасаған сапарында берілген тапсырмасына сай іске асты. Кездесу соңында Мемлекет басшысы Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянды елімізге ресми сапар жасауға шақырды.

Авторы: Назерке Әбдірахманқызы

Хабар 24 әлеуметтік желілерде