359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы Абу-Дабидің мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Заид Әл Нахайянмен кездесті

  • 201

Бүгін елімізге Абу-Дабидің мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Заид Әл Нахайян ресми сапармен келді. Мәртебелі қонақты Елбасы Ақордада дипломатиялық дәстүрге сай күтіп алды.

Бұл – шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның елімізге жасаған алғашқы ресми сапары. Бірақ бұған дейін де ханзада қазақ жеріне бірнеше рет келген болатын. Тақ мұрагері мен қазақ көшбасшысы жиі кездесіп тұрады. Биыл наурыз айында Елбасы Араб әмірліктеріне сапары кезінде Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянды елімізге арнайы шақырды. Міне, көп күттірместен, мәртебелі мейман Ақорда төрінде құрметке бөленді.

Біріккен Араб Әмірліктерімен еліміздің арасында дипломатиялық байланыс орнағанына – биыл 26 жыл. Берік ынтымақтастықтың іргетасын шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның әкесімен Нұрсұлтан Назарбаев бірлесіп қалаған еді. Президент осыны ескерген болуы керек, күтпеген жерде ханзадаға ерекше сыйлық тарту етті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Құрметті бауырым, келгеніңізге өте қуаныштымын. Менің сапарым наурызда болды. Іле-шала келдіңіз. Сіздің әкеңіздің 100 жылдығы елдеріңізде тойланып жатыр. Жұмыс шараларыңыз өте көп. Соған қарамастан, менің шақыруымды алып, тез келдіңіз. Қашан болса да, біздегі мерекелердің бәріне қатынасасыз. Универсиадада шейх Мансұр болды. Олимпиада ойындарында сіз болдыңыз. Формулаға барып тұрамын. Өте жақсы бір үлкен сапар жасадым. Сіздің әкеңіз марқұм Бен Заидпен кездесіп едім. Өте кемеңгер, мейірімді адам еді. Сондай ілтипатпен әке ретінде қабылдаған болатын. Біздің қуанышымыз, біз ол кісі туралы кітап шығардық. Соны сізге табыс еткім келіп отыр.

Мұхаммед бен Заид Әл Нахайян, Абу-Даби әмірлігінің мұрагер ханзадасы:

– Мен сіздің шейх Заидпен бірінші рет кездескен сәтіңізді білемін. Онда айтылған әңгімелер де есімде. Сіздердің бастамаларыңыз қос елдің бауырластық қарым-қатынасына сеп болды. Біз сізді үлкен ағамыз деп білеміз. Себебі әлемдік саясатта жинақтаған тәжірибеміз мол. Қазақстандағы түбегейлі өзгерістерді көріп, осылай болады деп 30 жыл бұрын ешкім ойламаған шығар. Қазір Қазақстан аймақтағы беделді мемлекетке айналды. Бұның негізгі себебі – сіздің парасаттылығыңыз және көзқарасыңызда. Арадағы байланысты одан әрі дамыта түсуіміз керек. Сізге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, еліңізге тұрақтылық пен өсіп-өркендеу тілеймін.

Тараптар екі жақты кездесу өткізіп, ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Соның бірі – экономикалық байланысты нығайту. Бүгінде Араб Әмірліктерімен алыс-беріс арада жорға жүретіндей деңгейге жетті. Сандарды сөйлетсек, былтыр сауда саттық көлемі 2 есе артып, 643 миллион доллар болды. Ал биыл 3 айдың өзінде 143 млн долларды құрап отыр. Жуырда визасыз жүйе орнағанын ескерсек, қос елдің экономикалық ынтымақтастығының әлеуеті жоғары.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сіз бен біздің арамыздағы туысқаншылық, бауырлық кездесудің арқасында екі елдің арасындағы бизнес министерствоның қарым-қатынасы ұлғайып келе жатыр. Сауда-саттығымыз 2 есе артты. Алдымызда көп мақсат бар. Инвестицияны сақтауға қол қойдық. Салықты салмау жөнінде келістік. Бүгін мәдениет жөнінде қол қоямыз. Ұлы дала қоры мен біздің Даму банкі келісімге келіп, қор жасайды. Гидроэнергетиканы жекешелендіруге сол қор жұмыс істейтін болады. Тағы алдымызда шешетін мәселелер бар. Өткенде мен барғанда, Батыс Қазақстанда полиэтилен шығаратын үлкен зауыттарды біз келістік. Тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап Араб Эмираттары Қазақстанды қолдап келе жатыр. Жақын Шығыстағы және шығанақтағы өте белгілі, беделді ел болып келе жатырсыздар. Дүние жүзіне белгілі саясат жүргізіп келе жатырсыздар. Біздің елде технологияның көп жұмыс жасап жатқанынан мәліметіміз бар. Қарым-қатынасымыз өсіп келе жатыр. Визасыз қарым-қатынасқа қол жеткізгеніміздің үлкен мағынасы бар. Сондықтан құрметті бауырым, Астананың 20 жылдығына орай келіп бізді қуанышқа бөледіңіз. Астана – сіздің үйіңіз. Қазақстан – сіздің еліңіз. Әр уақытта да келем десеңіз, қарсы алуға дайынбыз. Сізбен бірге келген барлық бауырларымызға қош келдіңіздер деймін. Көпшілігімен бұрыннан таныспын. Астананың дамуын басынан бастап көріп келе жатыр. Мидай далада бастаған қаламызға бүгін 20 жыл болды. Тарих үшін бір мезгіл ғана. Шейх Халифаның тапсырмасымен мектеп салынды. Басқа да жерлерге көмектесіп жатырсыздар. Қазір Абу-Даби Плаза кешені салынып жатыр. Шейх Мансұрмен жұмыс істеп жатырмыз. Сапарларыңыздың жайлы болуы үшін барлық жағдай жасаймыз. Ертең халықаралық қаржы орталығының ашылуына қатынасасыз. Сол үшін де ризашылығымды білдіремін.

Келіссөздер нәтижесінде 3 түрлі құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Сауаб» xалықаралық орталығы радикализмге тойтарыс беру бағытында әріптестік орнатты. Ал Мәдениет және спорт министрлігі мен әмірліктердің мәдениет пен білімді дамыту ведомствосы бірлесіп, өнерді дамытпақ. Сондай-ақ қос ел арасында сотталғандарды беру жөнінде де келісім бекіді.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Жандос Битабар, Әлібек Әлиев

Хабар 24 телеарнасы