353.64 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде жедел даярлық курстарынан өткен мамандардың жартысы ғана жұмыс тапқан

  • 211

Өткен жылы елімізде нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 9 мың адам қысқа мерзімді даярлықтан өтті.

Алайда олардың тең жартысы ғана тұрақты жұмыс тапқан. Әсіресе Шығыс Қазақстан мен Түркістан облысында көрсеткіш өте төмен. Сондықтан биылдан бастап, нарықта сұранысқа ие мамандарды даярлау басталды.

Шығыста былтыр әртүрлі мамандық бойынша 7 мың адам жедел даярлық курсын тәмамдап, арнайы сертификат алған. Олардың 70-80 пайызы - техникалық мамандар. Қайта оқыту үшін республикалық бюджеттен 343 миллион теңге бөлінген. Алайда былтыр даярлықтан өткен 7 мың адамның 3 мыңға жуығы ғана тұрақты жұмысқа орналасқан. Бірақ оған қарамастан, кейбір салада әлі де мамандар тапшы.

Исатай Исин, политехникалық колледж директоры:

- Ең негізгі сұраныста ол электромеханик пен электромонтерлер. Осы бағытта  біз көп мекемелермен өндіріспен жұмсы істейміз. Біздің курстанттар сұранысты.

Оңтүстік өңірде де былтыр 12 мың  адам жедел мамандық жетілдіру курсынан өткенімен тұрақты жұмысқа орналасу көрсеткіші төмен. 

Мұхит Отаршиев, Түркістан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:

- Өткен жылы жедел даярлықтан  өткен мамандардың 8 мыңға жуығы жұмысқа орналасты. Бұл шамамен 60 процентке жуық болады. Биыл да осындай межеде жоспарлап отырмыз. 

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметі бойынша даярлықтан өткен кейбір мамандарға нарықта сұраныс болмаған. Сондықтан жұмыссыздар қатарына қосылмас үшін оларды басқа мамандыққа қайта оқытуға тура келген. Бұрын аспаз болған Евгения Домина енді техникалық мамандықты оқып жатыр.     

Евгения Домина, жедел маман даярлау тобының тыңдаушысы:

- Үйге қалалық жұмыспен қамту орталығынан маман келіп, медициналық сақтандыруға анкета толтырды. Дәл сол кезде мен жұмыссыз отырғам. Осындай қысқа курстарға қабылдап жатқанын айтты. Келіп  тіркеліп, міне басқа мамандық игеріп жатырмын.

Биыл бағдарламаға жергілікті жерде өзгерістер енгізілді. Әуелі нарықтағы сұранысқа қажет мамандықтар зерттелген. Осы жылы аймақта үш айлық курстан 2,5 мың адам ғана өтеді.  Қысқа даярлықтан өткендер 100 пайыз жұмысқа орналасады. Ол үшін оқу орны, кәсіпорын және жұмыспен қамту орталығы мен курсты тәмамдаған маман арасында 4 жақты меморандумға  қол қойылады. 

Елена Старенкова, ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:

- Нәтижелі жұмыспен қамту туралы жаңа бағдарлама қабылданған соң алғашқы 4 айында біз оны  зерттеумен шұғылдандық.  Одан соң заңға белгілі деңгейде өзгеріс енгізу қажет екенін түсіндік.  Ал қазір біз  қысқа  мерзімде әрбір курс бітірген маманның жұмысқа тұрақты  орналасқанын  қатаң бақылауда ұстаймыз.

Әрбір кәсіпорын мен өндіріс орындары өздеріне нақты қажет мамандардың тізімін береді. Ал жалпы еліміз бойынша биыл 37 мың адам  қысқа мерзімді мамандық даярлығынан өтпек.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин, Роман Родионов

Хабар 24 телеарнасы