352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Биылғы грант иегерлерінің тізімі жарияланды

  • 593

Бүгін жоғары оқу орындарына түсуге талпынған талапкерлер үшін маңызды күн. Себебі, Білім және ғылым министрлігі тегін оқу мүмкіндігін иелегендердің тізімін жариялады.

Солардың ішінде ең аз 25 балл жинаған түлек те білім грантына ие болғаны белгілі болды. Оған мұндай мүмкіндік неліктен берілді? Өзгелері білімін жан-жақты дәлелдеп, жоғары балл жинап жатқанда, бар болғаны 25 сұраққа дұрыс жауап берген талапкердің бағы қалай жанды?

Бүгін таңғы сағат 10:00-ден бастап талапкерлер Білім және ғылым министрлігі жариялаған тізімге телмірді. Арасынан аты-жөнін тапқандардың қуанышы қойнына сыймағаны рас. Ал түс ауа ақпарат құралдарында ең аз 25 балл жинаған түлектің білім грантына қол жеткізгені көпшіліктің таңданысын тудырды. Кейін оның этникалық қазақ ретінде арнайы жеңілдікті пайдаланып, тегін оқу мүмкіндігіне ие болғаны анықталды. Себебі, биыл сол секілді шетелдегі 862 қандасымызға еліміздің білім гранты ұсынылып отыр.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:

- Кейбірі қысқа мерзімде оқуға түссем дейді. Басқа түлектер 140 балл болса, оның шекті балы – 50. Ал біздің түлектер тек 70 сұраққа жауап береді. Шекті балы – 25.

Этникалық қазақтардың арасында ең жоғары 133 балл жинаған екі талапкер де бар. Енді олар елімізде «Жалпы медицина», «Тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты ұйымдастыру» мамандықтары бойынша білім алады. Ал ең төменгі 25 және 26 балл жинағандары «Дене шынықтыру және спорт» пен «Мектепке дейінгі оқыту» мамандығын таңдады.

Естеріңізде болса, биыл білім гранттарының саны 20 мыңға көбейтіліп, жалпы саны 53 мыңнан асқан еді. Нәтижесінде жалпы конкурсқа қатысқан 80 мыңға жуық талапкердің көбі тегін оқу мүмкіндігіне ие болды. Солардың бірі – Артем Ильгнер.

Артём Ильгнер, грант иегері:

- Нәтиже белгілі болғанда, ата-анама қуанышты хабарды жеткіздім. Олар керемет әсерде болды. Менің жинаған балым орташа. Соған қарамастан, грантқа түстім.

Биыл білім гранттарының басым бөлігі техникалық бағытқа бөлініп отыр. Сала өкілдерінің айтуынша, кейбір мамандықтарға сұраныс болмай, тегін оқитын квоталар қайта бөлінген.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:

- Кейбір мамандықтарда грант болмаса, мысалы, балабақша мамандығында грант қалып қойды. Біз оны ереже бойынша сол мамандықтың ішінде орыс тіліне береміз. Егер орыс тілінде болмаса, қысқартылған мерзімге береміз. Егер қысқартылғанда болмаса, педагогиканың ішінде басқа мамандықтарға береміз.

Айта кетейік, өткен жылы 38 мыңдай талапкер тегін оқуға түскен еді. Ал биыл көрсеткіш 53 мыңнан асты. «Бұл үрдіс келер жылы да жалғасын табады», – дейді мамандар.

Грант иегерлерінің тізімі келесі сілтемелер бойынша қолжетімді: https://yadi.sk/i/MBrhyZdl3ZvTAm және egemen.kz, kazpravda.kz,  testcenter.kz сайттарында немесе @testcenterBot телеграм боты.

Естеріңізге салайық, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Бес әлеуметтік бастама» шеңберінде биыл гранттар саны 20 мың орынға көбейтілді. Осылайша, жоғары білім алу үшін білім гранттарының саны 53 594-ке жеткізілді. Оның ішінде, 50 944 грант 1 курсқа қабылдау үшін, 2650 орын – жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдері үшін бөлінді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы