359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтау саммитіне дайындық қызу жүріп жатыр

  • 319

12 тамызда Ақтауда Каспий маңы мемлекеттерінің президенттері бас қосады. Саммит барысында экономика, көлік, экология, биоресурстарды қорғау және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық мәселелері талданбақ.

Басты тақырып - Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындайтын конвенцияны қабылдау. 26 жылға созылған келіссөздер осы аптада өз мәресіне жетеді деп күтілуде. Құжатқа қол қойылған соң жағалау мемлекеттері көлік-транзит еркіндігі, балық аулау және өзге де мәселелер бойынша өзара келісімге келеді. Бүгінде қала саммитке қызу дайындық үстінде. Арнайы штаб құрылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілген.

Бесінші Каспий саммиті Ақтаудағы жаңа шағын аудандардың бірінде салынған Достық үйінде өтеді. Үш бөліктен тұратын зәулім ғимараттың сырт келбеті Астанадағы Ақордаға ұқсайды. Бүгін Маңғыстау облысының орталығына шетелдік қонақтардың алғашқы тобы ұшып келеді. Жалпы, Ақтаудағы саммитке жағалау мемлекеттерінен 600-ге жуық делегат келеді деп күтілуде. Жаһандық маңызы бар шараға өңірдің жиырмадан астам белсенді тұрғыны қатысады. Олардың қатарында мұнайшылар, саясатшылар, кәсіпкерлер мен әлеуметтік сала мамандары бар. Каспий маңындағы 5 мемлекет басшыларының кездесуін жоғары деңгейде өткізу-ұйымдастыру мақсатында арнайы штаб құрылған.

Орталық көлік жолдары, теңіз жағажайлары мен шағынаудандарға 7 миллионнан астам гүл шоқтары егілді. Сондай-ақ бірер ай бұрын отырғызылған 4 мыңға жуық павловния ағаштары шаһар көркін ашып тұр. Жас тал көшеттері көрші мемлекеттен арнайы әкелінді. Өңір климатына төзімді гүлдер мен ағаштарды суару, баптау жұмыстарына қала халқы әр сенбі сайын белсене қатысып жүр. Бір айта кетерлігі, қысқа мерзімде қалаішілік жолдар жаңарып, 15-шағын аудандағы жағалау көпшілік демалатын көрікті орынға айналды.

Ақтауда 12 тамыз күні саммиттен соң амфитеатр ашылады. Бұл жерде кешкілік көрермен назарына гала-концерт ұсынылады. Мәдени шараға әйгілі «Сан-Ремо» фестивалінің жұлдыздары, итальяндық әншілер Родольфо Гордини мен Изабелла Биффи қатысады.

Хабар 24 телеарнасы