352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Балалардың «Евровидение» ән байқауына қатысу ережелерімен «Хабар» арнасының сайтынан танысуға болады

  • 270

Биыл «Еurovision» балалар ән байқауына 19 мемлекет қатысады. Байрақты бәсекеге алғаш рет Қазақстан да өз үміткерін үкілеп қосады.

Еуропалық хабар тарату одағының мүшесі ретінде «Хабар» телеарнасы қазақстандық жас буынның додаға қатысуына барынша ықпал етті. Жалпы бұл әлемдік жарыста ел намысын қорғайтын жеткіншектерге қойылатын басты талап – ән мәтінінің 60 пайызы өз тілінде жазылуы шарт. Еуропоп стилінде болуы тиіс. Әрине байқау ережесі мұнымен шектелмейді.  

Ел ішінде әнді жан-тәнімен сүйетін өнерлі балалар жетерлік. «Еurovision» ән байқауы ерекше дауыс иелерінің әлемге танылуына жол ашпақ. Биыл алғаш рет Қазақстан да халықаралық додаға өкілін қатыстыра алады.

«Хабар» арнасының сайты арқылы өтініштер қабылданып жатыр. Ынталы балғындар мен олардың ата-аналары арнамызға жиі хабарласып, байқау талаптарына қатысты сан түрлі сауалдар қояды.

Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:

- Ән бұрын-соңды еш жерде орындалмауы керек. Баланың өзі жазған немесе орындаушыға арналып жазылған авторлық ән болуы керек. Қазір менің ойымша, көп балалар ән жаздырып жатыр. Талап бойынша бала өзі туралы мағлұматпен бірге сол әнді де біздің ресми сайтымызға жүктеуі керек. Сол әнді тыңдау арқылы біз балаларды іріктейтін боламыз.

Байқауда 9 бен 14 жас аралығындағы балалар бақ сынайды. Әннің ұзақтығы 3 минуттан аспауы керек. Үш кезеңдік іріктеуден өтеді үміткерлер.

Әлжан Әбдірахманов, «Хабар» Агенттігі» АҚ интернет жобалар дирекциясының директоры:

- Біріншіден, 31 тамызға дейін байқауға қатысушылардан өтінімдер қабылданады. Одан кейін 31 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында қазылар алқасы дауыс беру арқылы финалға шыққандарды анықтайды. Үшінші кезеңде, яғни қыркүйек айының аяғында ақтық сынға жолдама алғандардың қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылады. 

Гала-концертті «Хабар» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Көрермен мен қазылар алқасы дауыс беру арқылы ел атынан Минск қаласында өнер көртесетін жезтаңдай әншіні анықтайды. 

Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:

- 25 қараша күні Минскіде өтетін байқаудың өзі тікелей эфирде өтеді. Жеңімпазды сол жерде отырған қазылар алқасы анықтайды. Және көрермендердің дауыс беруі арқылы да анықталады. Бұған қоса 19 елдің өзінде 5 адамнан құралған қазылар алқасы болады. Оның тікелей эфирде Минксідегі эфирге қосылып, өзіне ұнаған балаға өз дауысын береді. 

Абайша айтқанда, құлақтан кіріп, бойды алар, көңілге түрлі ой салар жақсы ән мен ерекше дауыс иесі анықталады. Әрі қас-қағым сәтте тасадағы талант әлемге танылып, өзге де халықаралық байқауларға жолдама алады.

Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Болатбек Тобалдиев

Хабар 24 телеарнасы