352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Тбилиси тұрғындары бір-біріне түрлі түсті бояу шашты

  • 183

Грузия астанасында бояулар фестивалі өтті.

Тбилисиде 2012 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан шара биыл шаһардың «Мзиури» орталық саябағында болды. Қатысушылар бір-біріне түрлі түсті бояу шашып, асыр салды. Ал үндістердің сенімінше, адамның үсті қанша боялса, өмірі де соншалықты жарқын болады. Сондықтан фестивальге қатысушылар да аянып қалмады.

Тбилисиде өткен қызықты шараға жүздеген адам қатысты. Көңілді ән-күй орындалып, фестивальге жиналған халық бір-біріне түрлі түсті бояу шашып, Орталық «Миури» саябағы кемпірқосақ сияқты түрлі түске малынды.

Мариам Поцхишвили, Тбилиси қаласының тұрғыны:

– Мені мұнда достарым шақырды. Бірақ бұл туралы естігенім көп. Сондықтан өзім де келгім келді. Маған қатты ұнады. Бір-бірімізге бояу шашып, әбден үстімізді былғадық. Үйімдегілер ұрыспайтын шығар деп ойлаймын. 

Мариам Джавахишвили, Тбилиси қаласының тұрғыны:

– Мен фестивальге бірінші рет қатысып тұрмын. 2 минуттың ішінде түрлі түсті қуыршаққа айналып шыға келдім. Бұл жерде түнге дейін қалмақпын.

Ал бояулар фестивальге Үндістаннан арнайы әкелінген. Биыл қолданып жатқан түстер де көп. Ұйымдастырушылардың айтуынша, олар қауіпсіз және жуса, киімнен тез кетеді.

Мариам Лобжанидзе, фестивальді ұйымдастырушы:

– Грузияда фестиваль осымен бесінші рет өтіп отыр. Ол алғаш рет 2012 жылы Тбилисиде достарымызбен бояулар мейрамын өткізуден басталған еді. Біз далаға шығып, бір-бірімізге бояу шашып ойнап жүргенде, көшедегі адамдар қосылды. Содан идеямыздың басқаларға ұнағанын көрдік. Жалпы бұл Риодағы карнавалдан соң әлемдегі ең танымал фестиваль болып саналады. Үндістанда осымен көктемді қарсы алады. Тіпті оны «Махаббат күні» деп те атайды.

Ал фестиваль кезінде түрлі сайыстар мен спорттық жарыстар да өткізілді. Шараның соңында түрлі түске ең көп боялған қатысушы анықталып, оған өзінің қалаған ұлттық орындаушысының концертіне тегін билет беріледі. Фестиваль жаз бойы елдің басқа да аумақтарында өткізілмек.

Авторлары: Татия Джанибегашвили, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы