352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық қатысушы «Славян базарында» қандай әндер орындайтынын айтты

  • 192

Беларусьтің Витебск қаласындағы «Жұлдыздар алаңында» қазақтың біртуар әншісі Роза Рымбаеваның жұлдызы пайда болды.

Бұған дейін бұл алаңға Алла Пугачева, Владимир Мулявин, София Ротару сияқты атақты әншілердің есімдері жазылған. Сонымен қатар Роза Рымбаева «Славян базары» халықаралық ән байқауының ашылуында Беларусь Президенті Александр Лукашенко Роза Рымбаеваға арнайы марапат табыс етті.

«Славян базары» халықаралық ән байқауы биыл да сән-салтанатымен басталды. Фестивальдің ашылу кешінде сахнаға еліміздің маңдайалды өнер өкілдері шықты. Айтулы шараның шымылдығы түрілгенге дейін амфитеатр алдындағы жұлдыздар алаңында еліміздің халық әртісі Роза Рымбаеваның есімімен жұлдыз жағылды.

Роза Қуанышқызының бұл байқаудағы орны ерекше. Тек қазақтың емес, посткеңестік кеңістік елдерінің мәдениетіне қосқан елеулі еңбегі еленіп, жұлдызы жанған Роза Қуанышқызы бұл құрметті асқан толқумен қабылдағанын айтады. Жалпы, бұл аллеяда осы кезге дейін Алла Пугачева, Александр Пахмутовтың да есімдері берілген жұлдыз жағылған. 

Роза Рымбаева, Қазақстанның халық әртісі:

- Бұл – өнеріме берілген жоғары баға. Және қазақтың мәдениетіне деген құрмет. Беларусь пен Қазақстан бір-біріне жақын дос. Себебі бізді жалғап тұрған түрлі байланыстар бар. Соның бірегейі – «Славян базары» фестивалі.

Жерлесіміздің есімі берілген жұлдыз жағылған соң, «Славян базары» фестивальі де басталды. Көрермендер әнмен сусындап, кіл мықтылардың өнеріне куә болды. 

Нағима Есқалиева, Қазақстанның халық әртісі:

- Жылына Витебск ерекше күйге бөленеді. Себебі, халықаралық байқау тек адамдарды емес, қаланы да жадырата түседі. Бұл халықтардың мейрамы.

Байқау сайын танымал эстрада жұлдыздарының қатары толыға түседі. «Славян базары» Таисия Повалий, Руслана, Тоше Проески, Петр Елфимов, Димаш Құдайберген сияқты таланттарды елге танытты. Биыл өнер додасына Қазақстан атынан Әміре қатысады.

Әміре, «Славян базары» байқауына қатысушы:

- Жартылай финалда мен «Құстар» әнін айтамын. Байқаудың екінші күнінде Раймонд Паулстың музыкасына жазылған әнді орындаймын. Үшінші күні «Моцарт» мюзиклінен рок опера ұсынамын. Халықаралық шарада өнер көрсету үлкен жауапкершілік. Әсіресе қазақ халқының алдында жауапкершілігі зор. Бірақ мен барлық жағынан дайынмын. Лайықты деңгейде өнер көрсетемін деп ойлаймын.

Әміренің қарсыластары да осал емес. Олардың бірқатары халықаралық фестивальдің жеңімпазы.

Айта кетейік, ән байқауына қатысатын елдердің қатары да арта түсті. Оған алғаш рет Египет пен Гвинеядан өкілдер келді. «Славян базарының» бас жүлдесін 21 мемлекеттің әншілері сарапқа салады. Нәтижесі 3 күннен соң белгілі болмақ.

Хабар 24 телеарнасы