USD 332.21 EUR 388.95 РУБ 5.61

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      


Қызылтөбе лицейінің оқушылары баламалы қуат көзін алудың тың әдістерін ойлап тапты

  • 285
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (1 Vote)
Қызылтөбе лицейінің оқушылары баламалы қуат көзін алудың тың әдістерін ойлап тапты

Мұнайлы ауданындағы Қызылтөбе лицейінің оқушылары баламалы қуат көзін алудың жаңа әдістерін ойлап тапты.

Бірі жерасты суының буы электр генераторын айналдыру арқылы тоқ беруге қауқарлы екенін дәлелдесе, енді бірі теңіз толқынынан толассыз энергия алатын станцияның макетін жасаған. Өресі биік өрендер өз жобасының жүзеге асуына Маңғыстау табиғатының қолайлы екенін алға тартып отыр.Дәстүрлі энергия көзі ретінде мұнай, уран, көмір пайдаланылатыны белгілі. Алайда олардың қорлары табиғатымызда шектеулі. 

Гүлжазира Қалиева ұстазының сыныптан тыс жұмыстарды өткізуіне әрдайым көмектеседі. 15 жастағы жеткіншек бұл жолы өз жобасын 7-ші сынып оқушыларына таныстырып тұр.

Маңғыстау жерасты суларынан қоршаған ортаға залалсыз, таусылмайтын энергия алуға болады. «Арзезиан суы шығатын жерлерге станциялар салынса, тұрғын үйлер мен ғимараттар тегін электр қуаты және жылумен қамтылар еді», – дейді ол.

Гүлжазира Қалиева, Қызылтөбе лицейінің 9-шы сынып оқушысы:

– Жерасты ыстық суына 2500 және 3500 метр тереңдікке турбина жіберіледі. Турбина арқылы гейзерден ыстық су келіп, 60 метр биіктікке оқтын-оқтын көтеріп, бу қазанына жібереді. Бу қалақшалары іске қосылып, вал арқылы генераторды іске қосады. Генератор құрылысы екі өзекшеден тұрады. Ротор қозғалады, стартер қозғалмайды. Екеуі жанасқан кезде арасында электр энергиясы пайда болады. Бұл энергия трансформаторға беріледі.

Қызылтөбе лицейі Мұнайлы ауданындағы жетекші оқу орындарының бірі. Іргелі білім ордасы қалыптасқан он жылда 19 түлек оқуды алтын медальмен бітірді. Биыл 5 оқушы «Алтын белгіге», тағы 7 адам үздік аттестат алуға үмітті.

Оқуды озат аяқтаған түлектер кейінгі буынға үлгі. 7-ші сынып оқушысы Олжас Сәрсенғали Каспий толқынын қуат көзіне айналдыруға ниетті. Дарынды  оқушы қолға алған жоба республикалық білім сайыстарында екі мәрте үздік деп танылды.

Олжас Сәрсенғали, Қызылтөбе лицейінің 7-ші сынып оқушысы:

– Ұзындығы шамамен 5 км жағажайдан 1 сағат ішінде бөлінетін электр энергия 10 млрд джоулді құрайды. Бұл 500 үйді электрмен қамтуға жеткілікті. Қалтқы толқынның әсерімен жоғары және төмен қозғалғанда оның астындағы гидроцилиндр жұмысқа қосылғасын су қоймасы су жинақтай бастайды. Ол су өз қысымымен турбина қалақшаларын айналдырады. Вал генераторды іске қосып, стартер мен ротор жанасқан кезде электр энергиясын өндіреді. Менің ұсынысым осы жұмысты Каспий теңізінде тұрғызу. 

Теңіз толқынынан қуат алатын станция Дания мемлекетінде қолданыста бар. Демек мұндай кешенді Каспий жағасында салуға болады. Ал жерасты суын баламалы энергия көзіне айналдыруға жол ашқалы тұрған тың жоба әлі де талдауды қажет етеді.  

Қарлығаш Сүлейменова, физика пәнінің мұғалімі:

– Судың құрамында өте белсенді элементтер бар. Олар тотығуға өте бейім келеді. Сондықтан оларды тотығу дәрежесіне жеткізбеу үшін қандай амал ойлап табуға болады. Сол жөнінде жұмыстанып жатырмыз қазір химиктермен бірлесе. Болашақта сол жөнінде жоба қорғалатын болады.

Мұнайлы ауданының 10 жылдық мерейтойында «Экспо-2017» тақырыбында көрме-жәрмеңке өтті. Қызылтөбе лицейінің оқушылары дайындаған жәдігерлер көрермен көңілінен шықты. Бүгінде олар білім ордасының төрінде тұр.  

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top