352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде балықтар жаппай қырылып жатыр

  • 212

Санаулы күннің ішінде Атырау, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарындағы өзен-көлдердің маңынан мыңдаған су жәндігі өлі күйінде табылды.

Мамандар мұны күннің күрт ысуымен байланыстырып отыр.

Атырау облысының Жылыой ауданы арқылы өтетін Жаңғылдыкөл өзені арнасынан ойысып, сайға құйған. Соның салдарынан су жәндіктері жағаға шығып қалды. Өлекселер 20 гектар аумақта жайрап жатыр. Осы жағдайдан соң жедел топ құрылып, су мен балықтарға тексеріс жүргізілді. Зерттеудің нәтижесі бір аптадан соң белгілі болады. Сол кезде Атырау өңірінде қырылған жәндіктердің нақты саны айтылмақ.

Дәл осындай оқиға Жамбыл облысында да орын алып отыр. Қазақпарат агенттігінің хабарлауынша, Қырғызстандағы Киров су қоймасынан Таласқа жеткілікті мөлшерде су жіберілмеген. Келісілгендей, өзен секундына 52 емес, небәрі 14 текше метр сумен толығып тұрған. Сондықтан Талас тартылып, салдарынан 400 келідей балық қырылып қалған.

Сәкен Ділдахмет, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы:

– 50 мыңға жуық балық құтқарылды. Оның ішінде ұсағы, ірісі бар. Халыққа алаңдауға негіз жоқ. Ең бастысы, бұл жерде су деңгейінің түсуі және күннің ысуы жағдайды қиындатып отыр. Облыстық инспекция, ветеринария тарапынан бүгінгі таңда судың және балықтардың сынабы анықталды. Нәтижесін хабарлайтын боламыз.

Тек Атырау, Жамбыл емес, Шығыс Қазақстан облысының Бұқтырма су қоймасында да балықтар жаппай қырылған. Бүгінге дейін 350 келідей су жәндігінің өлгені анықталған. Мұндай жағдай Күршім мен Көкпекті ауданының аумағында да тіркеліп отыр. Экологтардың алдын ала болжамы бойынша, балықтардың қырылуына қандай да бір вирус себеп болуы да мүмкін.

Талғат Рахымжанов, аумақтық жануарлар әлемі және орман шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы:

– Уылдырық шашу кезеңінен кейін ауа райының лезде ыстық болу себебінен ауру туындауы мүмкін. Қазіргі уақытта басқа да мүдделі органдармен бірігіп, мониторнинг жасап, бақылау жүргізілуде.

Өлген балықтар жойылады. Ал барын аман алып қалу үшін тірілері қазір өзге өзен-көлдерге жіберіліп жатыр. Арнайы жедел топ құрылып, жағдай жіті бақылауға алынған.

Авторы: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы