361.94 431.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өндіріс орындарында жазатайым оқиғалар саны азаймай тұр

  • 225

Ақмола облысында былтыр өндіріс орындарында 26 оқыс оқиға болып, 4 жұмысшы қаза тапқан.

Ал дәл осындай көңіл көншітпейтін көрсеткіш биылғы жарты жылдың ішінде-ақ тіркеліп отыр. Бұған енді тағы бір оқиға қосылды. Тау жыныстарының астында 12 сағат бойы жатқан экскаваторшы жігіт қазір ауруханада, жағдайы ауыр. Дәрігерлер 30 жастағы жұмысшының екі аяғын бірдей кесіп тастауға мәжбүр болған. 

21 шілде күні таңертеңгі сағат 8-дер шамасында экскаваторының үстіне тау жыныстары құлаған жігітті құтқару жұмыстары кешкі 7-ге дейін жүргізілген. Бірнеше арнайы техника мен 30 шақты адам жүріп, жас экскваторшыны тастардың арасынан әрең алып шыққан.

Аталған оқиғаға қатысты құзырлы органдар журналистерге арнап брифинг өткізді. Құтқарушылар құтқару жұмыстарының неліктен ұзаққа созылғанын түсіндірсе, фабрика басшылығы экскаваторшы Мадияр Төлеубековті далада қалдырмайтындарын жеткізді. Айтуларынша, зардап шеккен жұмысшының барлық шығындарын өз мойындарына алмақ.

Қанат Дүйсеханов, алтын өндіру фабрикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік жөнінен атқарушы директоры:

- Біз қазір протез іздеп жатырмыз. Ресейде Германия мен Израильдің сапалы протездері бар екен. Соны алдырамыз. Мадиярға пәтер керек болса, пәтер сатып алып береміз. Жұмысқа да орналастырамыз. Тағы бір айта кететін нәрсе, бұл жерде Мадиярдың еш кінәсі жоқ. Ол өз жұмысын талапқа сай атқарып жатқан. 

Ал Ақмола облысындағы жағдайдан тура бір күн бұрын ШҚО-ның Риддер қаласында да дәл осындай оқыс оқиға болған. Ресми орындардың мәлімдеуінше, Долинный кенішінде түнгі ауысымда 30 жасар бұрғылап үңгу маманы қаза тапқан. Алайда оның көз жұмуына нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз. Кейбір ақпарат бойынша жұмысшыны жүк тиеу көлігі басып қалған болуы мүмкін. 

Азамат Райысов, облыстық ІІД баспасөз қызметінің бас маманы:

- Аталған факт бойынша сот алды тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Ол қылмыстық кодекстің 277-бабының 2-бөлімі бойынша тіркелген. Қазір оқиғаның мән-жайын тексеру бойынша шаралар қабылданды. 

Еңбек инспекторларының айтуынша, жұмысшылардың өліміне алып келетін оқыс оқиғалар көбіне осындай тау-кен кәсіпорындарында орын алатын көрінеді. Ал Ақмола облысындағы Мадияр Төлеубеков зардап шеккен алтын өндіру фабрикасында 2011 жылы бір жұмысшы жұмыс барысында қаза тапқан болатын. 

Авторлары: Дамир Берікұлы, Эльмира Ахметова, Анатолий Полянный, Дмиртий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы