352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысында «Көреген көз» жүйесі 17 мыңға жуық заңбұзушылықты анықтаған

  • 381

Сандық үлгідегі бейнебақылау құралдарымен жарақтанған ақтаулық полицейлер қала қауіпсіздігін тәулік бойы қадағалайды.

Цифрлық технология кез келген заңбұзушылыққа онлайн режимде қарсы тұруға, бастысы қылмысты болдырмауға сеп. Тәртіп сақшылары «Көреген көз» деп атайтын ақылды жүйе арқылы соңғы жарты жылда 16 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық дерегін анықтаған. 

Міне, мынау – «Көреген көз» деп аталатын ақылды жүйе. Үш бөліктен тұратын үлкен залдың дәл ортасына 32 монитордан құралған плазмалы экран ілінген. Мұндағы мамандар бейнебақылау камераларының көмегімен қала аумағын онлайн режимде тәулік бойы бақылап отырады. Атап айтсақ, көпшілік орындар, автокөлік жолдары және теңіз жағажайлары сандық үлгідегі бақылау құралдарымен назарда ұсталады. Мен айтқан ақпаратты облыстық ІІД жедел жоспарлау басқарма басшысының орынбасары Сұланбек Арапиев толықтырады.

Сұланбек Арапиев, облыстық ІІД жедел жоспарлау басқарма басшысының орынбасары:

- Қазір Маңғыстау өңірінде екі жедел басқару орталығы жұмыс істейді. Ақтау мен Жаңаөзенді қоса алғандағы бейнекамералар саны – 164. Бұл орталықтардың міндеті – қоғам тыныштығын күзету. Оқыс оқиға болған жағдайда шұғыл көмек жіберу. Енді бұл жұмыстардың қалай жүзеге асатынын көріңіздер.

«102» нөміріне шалынған телефон қоңыраулары осы орталықта қабылданады. Көпшілікке тиянақты мәлімет беріп, дер кезінде шұғыл көмек жіберуге осында 3 ауысымда  жұмыс істейтін 12 оператор жауапты. Кез келген сәтте адам өміріне қатер төнуі мүмкін. Осы орайда орталық маманы өз бетімен еш уақытта жұмыс орнын тастап кете алмайды. Ережеге сәйкес, бұл үшін басшылықтың рұқсаты қажет.

Нұрпейіс Жоламан, АҚІІБ жедел басқару орталығының «102» операторы:

- Тәулігіне орта есеппен 600-700 телефон қоңырауы келіп түседі. Орталыққа жанұядағы түсініспеушіліктен бастап аса ауыр қылмысқа дейін ақпарат қабылданады. Әріптестерімнің адам өмірін құтқарған жайттары да жиі болып тұрады.

Ақтаудың электронды картасы дегеніміз, міне, осы. Өзіңіз көріп тұрғандай, картадан түрлі түстегі дөңгелек белгілерді байқауға болады. Жасыл түсті белгіні алайық. Бұл полиция жасағының өзіне бекітілген аумақты бақылауға алғанын білдіреді. Сондай-ақ сұр түсті белгі өз ауысымын аяқтаған жасақтың қай жерде жүргенін көрсетеді.

Сұланбек Арапиев, облыстық ІІД жедел жоспарлау басқарма басшысының орынбасары:

- Қызыл түстегі белгі бұл орында оқыс оқиға болып, полицейлердің мән-жайды анықтауға кіріскенін білдіреді. Жалпы, біздің орталық мамандары көшелерде жүрген патрульдердің қозғалысын осы картадан онлайн режимде көріп отырады. Әр жасақ GPS-бағдарлау құралымен жарақтанған. Олармен радио арқылы байланысамыз. Цифрлық технология кез келген заңбұзушылық тіркелген жерге шұғыл патруль жіберуге мүмкіндік береді. Яғни қылмысты болдырмауға оң ықпал етуде. 

Маңғыстау облысы бойынша өткен 6 айда бейнекамералар көмегімен 16892 заңбұзушылық дерегі тіркеліп, түрлі деңгейдегі 110 қылмыстың ізі суымай ашылған. Ал «102» кезекші бөліміне 195 874 телефон қоңырауы қабылданған екен.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы