352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҚО-да жауыннан 20 шақты үйге су кірді

  • 155

Батыс Қазақстан облысындағы Зеленов ауданының орталығы Переметный ауылында 20 шақты үй жауыннан зиян шекті.

Қазір арнайы комиссия үй-үйді аралап, келген шығынды есептеп жатыр.

Жексенбі күнгі жаңбырды Наталья Поздникова қинала еске алады. Кешкі асты енді ішіп, жата бергенде нөсер басталыпты. Біраздан соң жауын суы есіктен ішке лап қояды. Күйеуі табалдырықтың түбіне құм төсеп, судың жолын бөгеуге тырысқанымен, тасқынға тосқын бола алмапты. Санаулы секундта су тізеден келген.

Наталья Поздякова, Переметный ауылының тұрғыны:

- Бір минутта кіреберіс бөлме толды. Көшеде шелектеп құйып тұр. Есікті ашсаң, өзен сияқты ішке ағады. Жалма-жан тоқты айырдық. Су қабырғалардан да кетті. Өзі саман үй, құлап кете ме деп қорқамыз. Кеше барлық дүниемізді аулаға шығарып қойдық.

Переметный ауылында 20 шақты тұрғын «баспанамызға нөсерден нұқсан келді» деп әкімдікке арыз жазған. Ал олардың ішінде ең көп зардап шеккені – Гагарин көшесінің тұрғындары. Әсіресе осы жердегі 5 үй. Ылдида орналасқан, салынғанына жарты ғасырдан асқан тұрғынжайлар бұрын да суда қалатын. Ал екі жыл бұрын стадион салып, судың жолын бөгеп тастағалы олардың жағдайы тіпті қиындапты.

Любовь Долина, ауыл тұрғыны:

- Бұрын да көктемде қар ерігенде, мына арықтарды тазартып, экскаватор жалдап, әупірімдеп суды айдайтынбыз. Ал стадион салғанда сол судың жолын бөгеп тастады. Арықтар қазу керектігін айтып, әкімдікке талай бардық. Ешкім елең етпеді. Біз қазір өз күшімізбен үйлерімізді жөндеп те алар едік. Болашақта осындай жағдай қайталанбасына кім кепілдік береді?

Бұл мәселе таяу келешекте шешімін таппақ. Аудан басшылығының айтуынша, арнайы мамандар жер бедерін, биіктігін өлшеуге кіріскен. Егер шынымен де судың жолын стадион бөгеп тұрған болса, арық құрылысы қолға алынады. Ал суға кеткен үйлерге өтемақы төлеу мәселесі жақын күндері анықталмақ.

Мұрат Залмұқанов, Зеленов ауданы әкімінің орынбасары:

- «Қазгидрометке» өтінім бердік. Содан қандай қорытынды келеді, төтенше жағдай ма, жоқ па, соған байланысты. Төтенше жағдай десе,  мемлекет атынан көмек көрсетіледі. Комиссия құрып қарап жүрміз. Өз тарапымыздан, демеушілер жағынан көмектесуді бастап жатырмыз.

Күні бүгін әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия үй-үйді аралап,  шығынды есептеуде.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы