369.36 436.00 5.46

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысына қарасты Бақалы елді мекенінде ауызсу мәселесі шешімін табуда

  • 233

Алматы облысының Сарқан ауданындағы Бақалы елді мекеніне ауызсу құбыры тартылып жатыр.

Шалғайдағы шағын ғана ауылдың тұрғындары үйлерінің орталықтандырылған су жүйесіне қосылатынына қуануда. Өйткені ауылдағы құбыр өткен ғасырдың 70 жылдары істен шыққан.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

– Бақалылықтар ұзақ жылдар бойы құдықтың суын пайдаланып келді. Биыл «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 181 млн теңге бөлініп, ауылға ауызсу құбыры тартылды. Қазір үйді үйге су құбыры кіргізіліп жатыр.

Бақалы – 300-ге жуық түтіні бар шағын ауыл. Халқының саны мың үш жүздей. Мұндағы әр үйдің ауласынан құдықтарды көресіз. Оған көбі су соратын қондырғы орнатып алған. Жерасты суы 8-9 метрден шығады. Суы тұздылау. Ауыл тұрғындары алдағы қыркүйек айынан бастап 180 метр тереңдіктен шығатын таза ауызсуды тұтынатын болады.

Ержан Мұхамедшәріпов, ауыл тұрғыны:

– Биыл құбыр тартылып, жақсы болды. Қуаныштымыз.

Мұратбек Сыдықов, мердігер компания өкілі:

– Ауылдың ішіне 16 шақырым су құбырын тартуымыз керек. Соның 95 пайызы бітті. Бұйырса қыркүйектің біріне дейін өткіземіз деп отырмыз.

Бақалының басына ауызсу келіп тұр. Жерасты суы ешқандай сорғының көмегінсіз, үлкен қысыммен сарқырап ағып жатыр. Сарқан ауданында 36 елді мекен болса, соның 26-сы орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтамасыз етілген.

Жомарт Мыңбаев, Сарқан аудандық ТКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

– Биылғы жылы ауданда тағы 3 елді мекеннің ауызсу жүйесінің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Ол – Еркін ауылы, Кәкімжан Қазыбаев ауылы және Сарқан қаласының шағын ықшам ауданы. 2019 жылы бюджеттен қаражат бөлініп, осы үш елді мекенге ауызсу тартылады деп жоспарланып отыр.

Бүгінде Сарқан ауданындағы ауылдардың 72, ал халқының 90 пайызы ауызсумен қамтылып отыр. Алматы облысы бойынша бұл көрсеткіш 87 пайызға жетті.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы