356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысында туристерге арналған рекреациялық аймақ салынады

  • 195

Таяу жылдары Маңғыстау облысының тарихында алғаш рет ірі туристік жоба жүзеге асуы мүмкін.

Әйгілі Қарақия ойпатының Ащысор деп аталатын төңірегінде рекреациялық аймақ салу жоспарда бар. Бұл үшін Каспий теңізінен арық қазылып, аумағы 200 шаршы метрге жуық жер тұзды сумен толтырылады. Жасанды суқойма жағалауында қонақүйлер бой көтеріп, демалуға келушілерге арналған жағажай кешендері салынбақ. Алайда бұл бастамаға тәуелсіз экологтар қарсы.

Экологтардың пікірінше, жаңа жоба Каспий маңы экологиясына нұқсан келтіреді. Үш ғасыр бұрын бұл маң Тэтис теңізінің түбі саналды. Жылдар өте келе суы тартылып, аңғары кепті. «Құрғақ жерді теңіз суымен қайта толтыру, аймақта ауа ылғалдылығының күрт артуына әкеп соғады. Бұл өз кезегінде тұрғындар денсаулығына қауіпті», – дейді олар.

Кирилл Осин, тәуелсіз эколог:

– Каспий суын далаға бұрмас бұрын алдымен өңірге теңіз арқылы көршілес елдермен келісім қажет. Біз туристік жобаның Каспий биоәлеміне қандай әсер етерін ойлап, алаңдаулымыз. Ұмытпасақ, кезінде бұл жерде уран кеніштері болған. Ертең олардың үстінен су басқан жағдайда не болмақ?!

Табиғат қорғаушылары дабыл қағуда. Қалай десек те, бұл жобаны халық қалаулылары қолдап отыр.

Дмитрий Клинчев, облыстық мәслихат депутаты

– Жекелеген депутаттар мен экологтардың пікірлерін әзір болмаған істен күдіктену, сақтану деп қабылдағанымыз жөн. Жобаның қоршаған ортаға залалы болмауының алдын алуда тараптар өзара келісімге келеріне сенімдіміз.

Ащысор мекені әлемдегі ең терең жерлердің бірі – Қарақия ойпатында орналасқан. Аумағы ат шаптырым төңіректі туристік орынға айналдыруға 60 млрд теңгеден аса қаржы керек.

Шолпан Ілмұханбетова, облыс әкімінің орынбасары:

– Жобаның техникалық-қаржылық негіздемесі дайын. Ол әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатқан тақырып сауалдарына жауап береді деп ойлаймын, Үкіметтік емес ұйымдар көтерген мәселені талдап, келешек болуы мүмкін қауіптің алдын алу жолдарын қараймыз.

Жоба негіздемесі таяу күндері мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Одан өтсе, жобалық-сметалық құжаттары жасақталады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Маңғыстау облысы

 

Хабар 24 телеарнасы