352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астана медицина университетіндегі студенттердің оқудан шығарылуына қатысты іске сот үкімі шықты

  • 160

Астана медицина университетіндегі даулы іске қатысты сот шешімі шықты.

Естеріңізде болса, аталған оқу орнында білім алған 80-нен аса студент сәуір айында оқудан қуылған еді. Себебі, оларға «IELTS сертификатын сатып алды» деген айып тағылды. Бірнеше айға созылған сот процесінің нәтижесінде судья, «студенттерді оқудан шеттету туралы» универсиет басшылығының бұйрығын дұрыс деп таныды. Бірақ екінші тарап бұл шешіммен мүлдем келіспей отыр.

Әңгімені әріден бастайық. Бұл – бейнеқордан алынған сұқбат. Оқу орнынан қуылған студент сол кезде: «сертификатты алғанымызда оның рас не жалған екендігін білген жоқпыз» деп шыр-пыр болып еді.

Алена Бессарабова:

- Біз алаяқтардың құрбаны болдық. Жағдайымызды түсінсе екен дейміз. Осы уақытқа дейін оқыдық. Диссертацияны қорғауымызға 1 ай ғана қалды.

Иә, медициналық университеттің резидентурасын аяқтауға небәрі 1-ақ ай қалғанда, сегіз емес, 80-нен аса білімгер оқудан қуылды. Себеп – ағылшын тілін меңгергендігін дәлелдейтін IELTS атты сертификаттары жалған болған-мыс. Бірақ университет басшылығы студенттерді оқудан шеттету туралы бұйрық шығарғанда, сертификаттардың шынайы не жалған екендігіне көз жеткізбеген. Бұқаралық ақпарат құралдарында осы тақырыпта шулы материал жариялана салысымен, басшылық даулы іске қатыстылармен ат құйрығын кесісті. Бәрін оқудан шығарып тынды. Осыдан соң әділдік сұрап, бірнеше студент сотқа шағымданды. Көктемде басталған сол процесінің бүгін шешімі шықты. 

Ботагөз Баянова, қалалық соттың баспасөз хатшысы:

- Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотында студенттердің медициналық университетке қарсы берілген талап-арызы бүгін қаралды. Соттың шешімімен талапкерлердің талап-арызы қанағаттандырусыз қалдырылды. Яғни студенттердің бұйрықты оқудан шығарылу бөлігін заңсыз деп тану және резидентураға қайта орналастыру туралы талап-арызы қанағаттандырусыз қалдырылды.

Яғни студенттерді оқудан шығару туралы университет басшылығының бұйрығы өзгеріссіз қалып отыр. Бірақ екінші тарап бұл шешіммен мүлдем келіспейді. Адвокаттың айтуынша, іс бүге-шүгесіне дейін зерделенбеген. Нақты дәлел жоқ. Тіпті «сертификатты сатты» деген мекеменің өзі жауапкершілікке тартылмаған. «Сондықтан бұл жерде опық жеп отырған тек студенттер», – дейді қорғаушы.

Ерғали Мелдібеков, адвокат:

- Соттың шешімі негізсіз болды деп есептеймін. Біріншіден, мұндай жағдайда «сертификаттарды өзінің түпнұсқасына сәйкес келмейді» десе, оны дәлелдеуі керек еді. Қазіргі таңда 80-нен аса резидентура оқушысы сабақтан шығып отыр, оқытылмай. Олардың бәрі «4» және «5» деген бағаларға оқыған студенттер. Сонда қазіргі таңда біздің мемлекет қаншама білікті маманнан шет қалып отыр. Тыс қалып отыр.

Даулы іске қатысты университет өкілдерінен сұхбат алмақшы болып, ресми хат жолдадық. Бірақ бізге келген жауап мынау. «Басшылықтың кезекті еңбек демалысына кетуіне байланысты сіздерге тек жазбаша түрде ғана жауап береміз» деп қысқа қайырды. Студенттерінің басы дауға қалған медициналық университет шулы оқиғадан соң жабылады деген ақпар да тараған еді. Бірақ қалалық Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен оқу орнына тек айыппұл ғана салынған. Сот шырғарған шешім де осы мекеменің пайдасына шешілді. Яғни оқудан шеттетілген студенттер университеттеріне енді орала алмайтын болды. Бірақ...

Соттың бүгінгі шешімі заңды күшіне енген жоқ. Сондықтан арызданушы тараптың адвокаты «қалалық сотқа апелляциялық шағым түсіреміз», – дейді.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Марат Диханбаев, Ануар Тәуекелов

Хабар 24 телеарнасы