353.64 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтау болашақта Қазақстанның Анталиясына айналады – Елбасы

  • 164

«Ақтау болашақта Қазақстанның Анталиясына айналады». Бүгін түс ауа портты қала маңындағы демалыс орнына барған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.

Елбасы мұнда отандық туризмді таңдаған тынығушылармен жүздесіп, емен-жарқын әңгімелесті. Саланың дамуы төңірегінде де пікір-пайымын айтты. Сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлердің берекелі бастамаларына сәттілік тіледі.

Рауан Мыңбаев, Twitter @RMynbayev:

-Ақтау – теңіз жағасында орын тепкен портты қала ғана емес, саяхатшылардың сүйікті мекені. Мұнда теңізден соққан салқын самалдың өзінен ерекше ләззат аласыз.Тіпті жанға керектің бәрі бар. Сондықтан Ақтауды шөлейтті өңір Маңғыстаудың оазисі деп нық сеніммен айтуға болады.

Қарт Каспийдің туристік әлеуеті зор. Жағажайда орналасқан демалыс орындары жаз бойы жұмыс істейді. Қызмет көрсету деңгейі де шет елдерден кем емес. Таяу арада бұл аймақ түркиялық жағажайлармен бәсекелес атанып, туризм жергіліктің жұрттың негізгі табыс көздерінің біріне айналуы мүмкін. Бұл біріншіден, Президенттің сенімі әрі жергілікті билікке жүктелген жауапкершілік. Мемлекет басшысы арнайы аялдаған демалыс орнына қонақүй кешені,табиғи жағажай және аквапарк кіреді.

Каспий курорттарында демалудың ең басты тиімділігі – қолжетімді баға. Әрі Ақтауға жақын орналасқан әрі суға шомылу маусымы үш айға жалғасады. Облыс орталығының қонақүй қоры да қалыптасқан. Президент жағажайды аралау барысында демалушылармен жүздесті. Олардың қай өңір, қай өлкеден келгенін сұрап, Каспий теңізінің жағалауында жиі демалуға кеңес берді.

Туризмнің тамырына қан жүгірді. Ақтаудың бүгінгі көрінісіне қарап, осылай деуге толық негіз бар. Өңірлік ішкі өнімнің 1,2 %-ы осы саладан түседі. Жергілікті кәсіпкерлер Каспий теңізін тек минералды шикізат өндіретін алып бассейн деп білмейді. Оның жағалауын туристік мақсатта пайдалану экологиялық таза әрі экономикалық тиімді шешім дейді.

Мемлекет басшысы ел өңірлеріне әрбір сапарында жергілікті кәсіпкерлердің игі істерімен танысуды дәстүрге айналдырған. Бұл жолы да бірқатар берекелі бастамаларға куә болып, ризалығын білдіреді. «Ақтаулық демалыс орындарының ерекшелігі – Еуропа мен Азияны жалғап жатқан айдынның суы тәнге шипа. Саф ауасы жанға дауа», - дейді демалушылар.

Жағажай аумағы заманауи инфрақұрылымдарға толы. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қажеттінің бәрі бар. Маусымына 140 мың мейманға қызмет көрсетіледі. Жалпы туризмнің түсер табыс кез келген елдің қазынасын толтыратыны анық. Одан мемлекет те, жеке серіктестік те көл-көсір пайдаға кенеледі. Президент бұл сапарында жергілікті еңбеккерлерге осы жайтты тағы еске салды.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы