352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандыда «Протонның» апаты сценарийі бойынша оқу-жаттығу өткізілді

  • 131

Қарағанды қаласының қақ ортасына «Протон» зымыран тасығышының сынықтары құлап, улы заттар жерге төгілді дейік.

Бірақ қырағы мамандар қауіпті аймақты санаулы минутта қоршауға алып, зиянды қалдықтарды дереу залалсыздандырады. Бүгін дәл осындай тактикалық оқу-жаттығу кенді өңірдің 9 бірдей аудан, қаласында өтті. Осылайша апаттық-құтқару қызметі тосын жағдайға тас-түйін әзір екендіктерін көрсетті. 

Зымыран тасығыштың зиянды қалдықтары жерге құлаған жағдайда, ең әуелі дабыл қағылып, сол аймақ қоршауға алынуы тиіс. Бұдан соң арнайы киім киген мамандар гептил төгілген жерді тазалап, қауіпті отынның топыраққа сіңіп кетпеуін қадағалауы қажет. Себебі ол өте тез тарайды екен.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- «Протон» зымыран тасығышы құлаған жерді бірден залалсыздандырмаса, қоршаған ортаға едәуір зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан құтқарушылар қауіпті аймаққа дәл осылай су және көбік шашады.

Төтенше жағдай қызметінің мәліметінше, «Байқоңыр» ғарыш айлағынан әр жыл сайын 20-дан астам әуе кемесі ұшырылады екен. Өкінішке орай, оларды көкке көтеретін «Протон» зымыран тасығышы кейде апатқа ұшырап жатады. Мұндай жағдайда аса улы зат - гептилдің төгілу қаупі бар.

Мұрат Қатпанов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Өте қатты зияны бар. Өйткені жаңағы гептил дейміз, жерге сіңуі өте қауіпті. Бір күннің ішінде 1-1,5 метрге сіңіп кетуі мүмкін. Сондықтан оны тез барып сумен, басқа растворлармен араластырып, тезірек ұстап қалсақ бұл жерге аса көп зиянын келтіре алмайды.

Оқу-жаттығу жиынында апаттық-құтқару қызметінің әбден машыққан мамандары шалт қимылдап, төтенше жағдайға тас-түйін әзір екендіктерін көрсетті. Себебі апат айтып келмейді. Айталық, тек соңғы 25 жылда Қарағанды облысының төңірегіне зымыран тасығыштың улы сынықтары алты рет құлаған.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов

Хабар 24 телеарнасы