359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда 200 адамға тін жасушаларын ауыстыру қажет

  • 133

Елімізде 200 адамға тін жасушаларын ауыстыру қажет, оның дені балалар.

Ал ұлттық донорлар тізімінде тіркелген 6000 адам аз. «Себебі, науқасқа сәйкес ағзаны табу ғажайыппен тең», – дейді ақхалаттылар. Сондықтан мамандар отандастарымызды донор болуға шақырып отыр.

Асыр салып келе жатқан кішкентай – Мақсат. Екіге де толмаған бүлдіршін қан ауруына шалдыққан. Дәрігерлер тін жасушасын ауыстыру арқылы оның өмірін сақтауға болады дейді. Алайда...

Гүлайым Қалиева, Мақсаттың анасы:

- Баламның науқас екенін былтыр күзде білдік. Химия терапиясын алғанбыз, нәтиже бермеді. Дерті асқынып, тағы да ауруханада жатырмыз. Бар үмітіміз донорда. Бірақ Қазақстаннан донор табу мүмкін болмай тұр. Үміт үзгіміз келмейді.

Ұлттық сүйек кемігі донорларының регистрінде 6000 адам тіркелген. Ал ресейлік тіркеуде 45000 донор бар. Мақсат сияқты науқастардың өмірін сақтау үшін Ален Жанғозин донор болуға келісті.

Ален Жанғозин, қала тұрғыны:

- Менің ойымша, әрбіріміз біреудің өмірін құтқаруға үлес қоса аламыз. Нәтижесін күтеміз. Менің ағзам бұл балаларға сәйкес келмеуі де мүмкін. Сүйек кемігін ауыстыруға мұқтаж адамдар өте көп екен. Біреуіне болсын пайдам тисе, қуанамын.

Ұлттық регистр 2011 жылы құрылған. Әлі де толықтырылу үстінде. Себебі ұқсас ағзаны сырттан іздеуден гөрі елден тапқан тиімді әрі нәтижелі.

Мадина Оспанова, Қан орталығының қызметкері:

- Сәйкес ағзаны табу өте қиын. Себебі біздің ұлттық ерекшелігіміз бар.  Өзіміздің ұлттық регистрді кеңейткен дұрыс. Жыл сайын 1000 адам келіп жатады. Бәрі тегін. Науқастарымыздың сүйек кемігін ауыстыруды да мемлекет қаржыландырады.

Бастысы, донор болу шешіміне сылбыр қарауға болмайды. Бұл саналы шешім болуы тиіс. Себебі, сынақта адам өмірі.

Дайыр Нұрғалиев, Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығының бөлім меңгерушісі:

- Қазақстанда донорды тіркеу тегін. Ағза алмастыру Алматы мен Астанада жүргізіледі. Әзірге Ұлттық регистрге тіркелген адамдар аздық етіп тұр. Тәжірибемізде науқас балаларға сәйкес келетін 3 қазақстандық донор табылған. Алайда екеуі ойынан айнып қалды. Құдайға шүкір, бір баламыздың жағдайы жақсы.

Бұған дейін ресейлік регистрден бірнеше донор табылып, сәтті алмастыру жасалған. Ал халықаралық регистр еліміз үшін қолжетімсіз. Қыруар қаражат пен уақытты талап етеді. Сондықтан жергілікті қан орталықтарына жүгініп, донор болуға асыққан абзал.

Халықаралық тіркеуде 50 млн донор бар. Бір қарағанда, әжептәуір сан. Дегенмен он мың, тіпті 10 млн адамның бірінің ағзасы ғана мұқтаж жанмен ұқсас болуы мүмкін. Елімізде жыл сайын 200 адамға сүйек кемігін ауыстыру қажет, олардың тең жартысы балалар мен жасөспірімдер. Кім білсін, бәлкім сіз бен біздің донор болуымыз олардың өмірін құтқаруға сеп болар.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы