352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысы жауын-шашын кесірінен егін орағын аяқтай алмай отыр

  • 174

Қостанай облысы диқандарының астық жинауына жауын-шашын қолбайлау болып тұр. Аймақта жадыраңқы болған бірнеше күнде 165 мың гектар астық бастырылды.

Бұл дәнді дақылдар егілген алқаптың жалпы аумағының 4 пайызы ғана.

Қостанай облысында биыл 4,5 миллион гектар жерге егін егілген. Арпа мен асбұршық ертерек піссе, еліміздің солтүстігінде бидай кешеуілдеп жетіледі. Бұған күн сәулесінің жетіспеуі мен тамыздағы жауын-шашын себеп болып отыр.

Сәлімжан Есенаманов,  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Былтырғы жылмен салыстырғанда, биыл егіннің жай-күйі көңіл көншітпейді. Бұған көктемгі салқындық әсер етті. Сонымен қатар маусым айы да дәнді дақылдардың өсіп-өнуіне аса қолайлы болған жоқ.

Өңір шаруаларына егін науқанын еңсеруге жауын-шашын кедергі келтіріп отыр. Шуақты күндері диқандар, орта есеппен, әр гектардан 8-10 центрнерге дейін бидай жинайды. Өңір элеваторлары да астық қабылдауға әзір. Қазір мұнда негізінен бұршақ дақылдары тазартылып жатыр.

Құрманбек Қыдырбеков, элеватор директоры:

- Қазіргі уақытта біздің элеватор 220 мың тонна түрлі дәнді дақыл қабылдауға қауқарлы. Әрине, бұның ішінде бидайдың үлесі басым. Бүгін астық қабылдап жатқанымызға үшінші күн. Алдымен арпа мен асбұршақты қабылдадық. Дақылдар ылғалды болғанымен, өткізуге болады. 

Қазір астықты өлкеге дизель отыны жеңілдетілген бағамен жеткізіліп жатыр. Бірақ шаруаларды оның құны алаңдатады. Олардың айтуынша, әр литрін 172 теңгеден сатып алу қалтаға салмақ түсіреді.

Ибраш Естаев, шаруашылық басшысы:

- Бұл бізге экономикалық жағынан тиімсіз. Оның үстіне биылғы ауа райы да қолайсыз. Астықты уақытында жинап үлгіреміз бе, жоқ па? Жауын-шашынның салдарынан нан сапасының да төмендейтіні белгілі.

Синоптиктердің болжауынша, өңірде алдағы бірнеше күн тағы да жауын-шашынды болмақ. Содан кейін ғана күннің қабағы ашылып, диқандар орақ науқанын жалғастыра алады.

Авторлары: Наталья Строкова, Ермек Мухамедияров

Хабар 24 телеарнасы