352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Пәтерлерін заңсыз жалға берген 2 жарым мың адамға айыппұл салынды

  • 102
Пәтерлерін заңсыз жалға берген 2 жарым мың адамға айыппұл салынды

Биыл Астана мен Алматы қалаларында мүлкін заңсыз жалға берген 2 жарым мыңға жуық баспана қожайынына 36 мың теңгеден айыппұл салынды.

Олар тапқан табысының белгілі мөлшерін салық органдарына төлемегені үшін тиісті жауапкершілікке тартылып отыр. Заңға қайшы әрекеттерді Мемлекеттік кірістер комитеті пәтер иелері кооперативі және полиция өкілдерінің көмегімен анықтаған. Мамандардың айтуынша, кез келген пәтер қожайыны мүлкін жалға беруі үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп немесе патент негізінде арнаулы салық режимін таңдап, көлеңкелі бизнесін заңдастыруы қажет. Олай болмаған жағдайда, айыппұл төлеуге міндетті. Айта кетейік, биыл елімізде пәтерін жалға беруші 7 мың азамат дара кәсіпкер ретінде тіркеліп, тапқан табысының тиісті мөлшерін салық органдарына төлеуді бастады. Яғни жыл сайын заңға бағынатын баспана қожайындары көбейіп келеді. Өткен жылы олардың саны 9 мыңға жеткен.

Күләш Ысқақова, ҚР ҚМ МКК камералдық мониторинг басқармасының бас маманы:

– Салық төлеуші тапқан табысы жөнінде бізге мәлімет беруге міндетті. Алайда бұл талап көбіне Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында орындалмай келеді. Биылғы 8 айда бір ғана Астанада 1249 пәтер иесінің мүлкін заңсыз жалға бергенін анықтадық. Негізінде олардың саны бұдан да көп.

Хабар 24 телеарнасы