363.61 436.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҚО-да полиция қызметкері басшысын атып тастады

  • 277
БҚО-да полиция қызметкері басшысын атып тастады Sputnik Казахстан

Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкері өзінің взвод командирін атып өлтірді.

Қайғылы оқиға Ақжайық ауданындағы ішкі істер бөлімінде болған. Оқ атқан сақшы бірден қамауға алынды. Бейресми дерек көздеріне сүйенсек, марқұм мен күдіктінің арасында келіспеушілік туып, олар жаға жыртысуға дейін барған көрінеді. Көп ұзамай сержант табельдік қаруымен қарсыласын бірнеше рет атқан. Салдарынан взвод командирі оқиға орнында көз жұмған. Бұл істің мән-жайын анықтау үшін Ішкі істер министрлігінің қызметкерлерінен жасақталған арнайы топ Астанадан Оралға жетті.

Үй өртеніп, иесі қаза тапты

Петропавлда жер үйде өрт шығып, бір адам қаза тапты.

Қайғылы оқиға қала шетіндегі Жұмысшы кентінде болған. Төтенше жағдайлар қызметкерлері келтірген дерек бойынша, өрт таңғы 7:00 шамасында, үй иесі ұйықтап жатқан кезде шыққан. Тілсіз жау лезде күш алып, 70 жастағы қария түтінге тұншығып сыртқа шыға алмай қалған. Көршілердің айтуынша, жанып кеткен үйде марқұм бір өзі тұрыпты.

Сақ болыңыз, қаржы пирамидасы!

Солтүстікқазақстандық сақшылар жалпақ жұртқа алаяқ қаржы ұйымдары туралы хабарлама таратып жатыр. Петропавлда әлеуметтік желі арқылы табыс табудың оңай жолын таңдаған азаматша белгісіз фирманың есеп шотына ақша салған. Бұл ретте аталған компания өкілдері оған 20 пайызға дейін табысқа кенелесіздер деп уәде берген. Мұнымен қоса келушілерге таныстарын тартуды да сұраған. Алайда өз сыйақысын қайтара алмаған соң жәбірленуші полицияға арыз жазды. Қазір аталған фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы, яғни қаржы инвестициялық пирамиданы құру және оған басшылық етуге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Қайрат Қасенов, облыстық ІІД тергеу басқармасы бастығының орынбасары: 

- Қазіргі таңда аталған фирма Қазақстан Республикасы аумағында тіркелмегендігі анықталды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Біз осы қаржы пирамидасынан зардап шеккен жәбірленушілерді іздестірудеміз. 

Жүк көлігінің тіркемесі өртке оранды

Шымкент қаласында жүк көлігінің тіркемесінде өрт шықты. Салдарынан 15 тонналық техникаға тиелген мата түгел өртеніп кетті. Сондай-ақ көлікте шыққан өрт айналаға тарап, жақын маңдағы құрғақ шөп қызыл жалынға оралды. Оны өшіруге өрт сөндіру қызметінің 14 маманы мен 2 техника жұмылдырылды. Қалалық Төтенше жағдай департаменті таратқан ақпарат бойынша, зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.  

Өткір тісті оқушы

Алматыда мектеп киімін киген 13-16 жастағы белгісіз ұл бала №35 мектептің оқушысын аялдамада тұрған жерінде оқыстан келіп қолын тістеп алған. Артынша бір аялдамадан соң тағы бір қызға шабуыл жасап, басын тістейді. Аталған оқиға негізінде жәбірленген бір оқушының ата-анасы Медеу аудандық ІІБ-на шағым түсірген. Қазіргі уақытта құқық қорғау қызметкерлері болған оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Салтанат Әзірбек, қалалық  ІІД ресми өкілі:

- Бұл оқиға орын алғаны дәлелденетін болса, бұл баланың қандай мақсатпен осы бұзақылық әрекеттер жасағаны айқындалады. Егер балалықпен жасаған болса, онда ата-анасымен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Егер қандай да астыртын сыры анықталатын болса, онда заңның талаптарына сәйкес шара қолданылады.

Қалта ұрлығы көбейді

Жаңа оқу жылы басталғалы Алматының қоғамдық көліктерінде жолаушылардың саны артты. Сәйкесінше қалта ұрлығы да көбейген. Іздестіру шараларының нәтижесінде жедел уәкілдер Алматы аумағында қалта ұрлығымен айналысқан 4 азаматты қолға түсірді. Олардың қолдарынан ұялы телефондар, әмияндар табылды.

Салтанат Әзірбек, Алматы қ. ІІД ресми өкілі:

- Барлығы бұрын сотталған. Қаламызға басқа өңірлерден келген тумалар. Осы тұрғыда айтатынымыз, оқу жылы басталған сәтте қоғамдық көлік жолаушыларының саны едәуір өседі. Бұл өте ыңғайлы орта қылмыскерлерге. Сондықтан азаматтарды сақтық шараларын сақтауға шақырып отырмыз. 

Жүк вагондары рельстен шықты

Қостанай облысында екі вагон рельстен шығып кетті. Оқыс оқиға Қазанбасы станциясында тіркелген. Ұсақ тас тиелген локомотив құрылыс материалдарын күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аймаққа жеткізбек болған. Алайда алдыңғы дөңгелек жұбына зақым келіп, діттеген жеріне жете алмады. Бұл жағдай Астана-Маңғышлақ бағытында қатынайтын №37 жолаушылар пойызының кешігуіне себеп болды. 1 сағат 15 минутқа жалғасқан жөндеу жұмыстарының нәтижесінде зақымданған бөлшек қалпына келтірілді. Қазір барлық теміржол көлігі кестеге сай қатынап жатыр. 

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев

Хабар 24 телеарнасы