352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада «Астана» мен Грузия құрамасы арасындағы матч басталады

  • 174

Қазақстандық футболшылар Ұлттар лигасындағы алғашқы матчын өткізеді. Қарсылас - Д тобындағы фавориттердің бірі Грузия ұлттық құрамасы.

Станимир Стоилов баптайтын жігіттердің дайындығы қандай? Жарақат алғандар бар ма? 

Нұршапағат Несіпбаев, тілші: 

- Бүгінгі ойыннан, Ұлттар лигасы тарихындағы тұңғыш кездесуден стадионға ағылған қалың жанкүйер де, біз де тек жақсы нәтиже күтеміз. Олай деуімізге негіз бар.  Күні кеше матч алдындағы баспасөз мәслихатында ұлттық құраманың бас бапкері Станимир СтоИлов қарсыластың барлық айла-тәсіліне дайын екенін айтты. Сондай-ақ ұлттық құрамаға шақырту алған футболшылар жарақаттан аман. Әрине олардың барлығын матчқа 100 пайыз әзір дей алмаймыз. Себебі кейбір футболшыларға ішкі біріншіліктегі ойындарда уақыт жете бермейді. Бұл түптеп келгенде олардың физикалық дайындығына да әсер етеді. Бұл жағдайды бас бапкердің өзі де мойындап отыр. Ойын тәжірибесі аз футболшылардың қатарында ресейлік «Уфаның» шабуылшысы Еркебұлан Сейдахмет те бар. Енді аз-кем қарсыласқа тоқталсақ. Грузия құрамасының бас бапкері Владимир Вайсс қазақ футболын жақсы білетін маман. 3 жыл бойы алматылық «Қайратты» жаттықтырды. Сондықтан біздің кей жігіттердің мүмкіндігі мен ойын мәнері оған таңсық емес. 

- Кезінде Станимир Стоиловтың «Астананы», ал Владимир Вайстың «Қайратты» жаттықтырғанын білеміз. Клубтық деңгейде басталған бәсекелестік ұлттық құрамалар дейгейінде жалғаса ма?

- Жасыл алаңдағы тартыстан бөлек, бапкерлер арасындағы тактикалық текетірес те футбол сүйер қауымның қызығушылығын тудырып отыр. Әзірге қос бапкер де сыпайылық сақтап, бір-біріне қатысты жылы сөздер ғана айтып жатыр. Тіпті, Владимир Вайсс Қазақстан мен Грузия құрамаларын Д тобының фавориттері деп атады. Қағаз жүзінде болса да. Алайда оның «Станимир менің досым, ал матч кезінде ол менің қарсыласым» деген бір ауыз сөзі бар жайдан хабар беретін сыңайлы. Матч басталуға санаулы минут ғана қалды.

Хабар 24 телеарнасы