Қазақстан Президенті Экономикалық ынтымақтастық ұйымының 14-саммитіне қатысты

Қазақстан-Түрікменстан-Иран бағытында теміржол тасымалын арттыру керек. Мұндай бастаманы бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық ынтымақтастық ұйымының саммитінде айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Интегриациялық бірлестік жиыны онлайн форматта өтті.

Экономикалық ынтымақтастық ұйымы – штаб-пәтері Тегеранда орналасқан, негізін мұсылман мемлекеттері құрайтын халықаралық ұйым. Қазақстан тәуелсіздік алғалы мүше. Биылғы саммит мемлекеттер басшыларын онлайн алаңға жинады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 бірдей ұсыныс айтты. Барлығы да өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды. Ең әуелгісі – Транскаспий теміржолымен тауар тасымалын арттыру. Бұл халықаралық дәліз еліміз арқылы өтеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржолын толық қуатта пайдалануымыз керек. Бұл - біздің бірінші бастама. Одан бөлек, басқа бағыттарды іске қосу да ұсынылады. Мәселен, Түркістаннан Ташкентке бағыт алатын жоғары жылдамдықты магистраль жобасы бар. Ол Қазақстанның туристік әлеуетін арттырады. Екі елдің іскерлік байланысын нығайтып, Түркістаннан Ташкентке жету уақыты 2 сағатқа қысқарады.

Екінші бастама – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазақстан ауыл шаруашылығы саласын қарқынды дамытып келеді. Экспортта көптеп өнім шығарады. Осы ұйымға мүше Ауғанстанға ұн, бидай және басқа да тауарларын жөнелтеді. Экспортты одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік зор. Ол үшін интеграциялық бірлестік аясында әріптестікті нығайту қажет дейді Қасым-Жомарт Тоқаев,

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ауғанстанмен өзара сауда-саттық көлемі былтыр 55 процентке өсті. Ең бірінші қажетті бидай, ұн, май өнімдерін жеткізіп келеміз. Жалпы аймағымызда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі өте өзекті саналады. Біз ауыл шаруашылығы саласындағы бастамаларды қолдайтын боламыз. Ислам ынтымақтастық ұйымының азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі штаб-пәтері бізде орналасқан. Өңірдегі мемлекеттерді осы ұйымға кіруге шақырып, арнайы жарғысын ратификациялауды ұсынамыз. 

Пандемия кезінде қатты зардап шеккен туризм саласында әріптестікті жаңғырту керек. Вирус қайта күш алмаса, көршілес елдердің арасында барыс-келіс артады. Қазақстан мен Өзбекстан осы бағытта бірлескен жобаларын әзірлеп қойды. Біздің ел киелі шаһар – Түркістанды қайта түлетті. Мұны Президент ерекше атады. Қазақстан жалпы ішкі өнімге туризмнен түсетін пайданы 8 процентке жеткізуді жоспарлап отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Орталық Азия мемлекеттері мен күллі Түркі әлемі үшін киелі Түркістан қаласын жаңғыртуды бастадық. 2020 жылы ішкі инвестициялар есебінен қаланың туристік, логистикалық әлеуетін арттыруға 1 млрд АҚШ долларын жұмсадық. Бұл шаһармен қоса, тағы 10 аймақты белгілеп, туристер үшін қызықты бағыт ретінде таңдадық. Бұл жобаларды үкімет пен жергілікті атқарушы органдар қолдайтын болады. Демек, еліміздің туристік мүмкіндігін бірлесіп пайдалануға мүмкіндік зор.

Экономикалық ынтымақтастық ұйымы елдері ішінде Қазақстанның халықаралық медициналық хабқа айналуына мүмкіндік зор. Мемлекет бұл салаға қыруар қаржы бөлуде. Бауырлас Түркия тарапынан да қолдау бар. Енді ұйымның басқа да мемлекеттері осы іске белсенді қатысса игі. Қасым-Жомарт Тоқаев мұны төртінші ұсыныс ретінде айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Түркияның «Ронесанс холдинг» компаниясы Қазақстанның 7 қаласында заманауи клиника құрылысын бастады. Ал «Орхон медикал» компаниясы Алматыдағы онкология және радиология институтымен бірлесіп, томотерапия орталығын салуды жоспарлап отыр. Осындай деңгейдегі өзара тиімді әріптестік жалғасын табады деп сенеміз және экономикалық ынтымақтастық ұйымының басқа да елдерін Қазақстанның медицина саласына инвестиция құюға шақырамыз.

Жалпы ұйым жұмысының белсенділігі тым төмен болып келді. Бұған себеп те жеткілікті. Хатшылық тарапынан жұмыс жүйеленіп, тиімділік артуы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл түйткілдің де шешімін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Хатшылыққа Экономикалық ынтымақтастық ұйымының жұмысына қатысты терең зерттеу жүргізуді тапсыруды ұсынамын. Оны одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар әзірленуі керек. Қазіргі заман талабы осыған үндейді. Ұйымға мүше елдерді құрылтайшы және құрылтайшы емес деп бөлуден бас тарту керек. Мұндай тәжірибе ынтымақтастық рухына сай келмейді әрі бұрынғы көзқарас. 

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында ұйымға төрағалық ету міндетін алған Түрікменстан Республикасына сәттілік тіледі. Әрі өзара ынтымақтастыққа мол үміт артатынын жеткізді. Сол арқылы қиын сынақтардан бірге өтіп, заманауи қауіп-қатерлерді еңсереміз деді Қазақстан Президенті.

Рауан Мыңбаев