Қасым-Жомарт Тоқаев екі жылда не істеді?

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланғаннан кейінгі ұлықтау рәсімінде «Маған сандар емес, халықтың әл-ауқаты маңызды» деген еді.

Ендеше екі жылда атқарылған нақты істер мен жүргізілген, жүргізіліп жатқан реформаларға һәм елде болған оқиғаларға тоқталайық.

Біріншісі Арыстағы жарылыс. Маусымның 12-сінде Президентті ұлықтау рәсімі өтсе, 24-інде Арыстағы әскери бөлімнің қоймасында оқ-дәрі жарылды. Адам опат болып, жүздеген үй-жай қирады.

Арыстан соң былтыр, ақпанның басында Қордайда қақтығыс болды. Жергілікті тұрғындар арасында жанжал туындап, соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Мұнда да үйлер, нысандар қирады.

Былтыр, мамырдың басында Мақтааралдағы бірнеше ауылды су басты. Іргедегі Өзбекстанда су қоймасының бөгеті жарылып, содан сарқырап аққан су біздің оңтүстік аймаққа жетті. Тағы жүздеген отбасы үй-күйсіз қалды.

Үш оқиға. Президент үшеуіне де барды. «Тиісті көмек көрсетіледі, бәрін қалпына келтіреміз»,- деді. Уәде орындалды.

Енді әлеуметтік мәселе. Екі жылда халықтың әл ауқатын жақсарту үшін нендей шаруа атқарылды? Қандай көмек берілді? Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланған соң біржолғы кредиттік амнистия жариялады.

Соның нәтижесінде 500 мың адамның несиесі кешірілді. 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлердің салық жүктемесі азайтылды. Былтыр 500 мыңға жуық педагогтің жалақысы 25 процентке өсті. Биыл еңбекақы тағы да 25 процентке ұлғайтылды. Педагогикалық бағытта білім алып жатқан студенттердің стипендиясы 26 мыңнан 42 мың теңгеге дейін көбейтілді. Жасанды жолмен бала көтеруге берілетін квота 7 еселенді. Жер дауына нүкте қойылды. Жер сатылмайтын болды. Азаматтарға зейнетақы қорындағы қаражатты алуға мүмкіндік жасалды.

Елорда тұрғыны Айдостың жаңа пәтерге қоныс аударғанына небәрі бір-ақ апта болды. Бұған дейін екі балалы отбасы қала сыртында, аядай бөлмеде тұрып келген. Зейнетақы қорына жылдар бойы жинаған қаражаты кәдеге жарап, елорданың қақ ортасынан баспаналы болды.

Айдос Серікбол, қала  тұрғыны:

Біз негізі ойламағанбыз. Биыл пәтер аламыз деп. Өйткені, біздің жинаған қаражатымыз аз болатын. ойлағанбыз тағы біраз жыл жинап, сосын қаладан үлкен пәтер аламыз деп. Аяқ астынан осындай бастама болған соң, өзіміз де білмей қалдық тез алып кеткенімізді білмей қалдық.

Енді былтырғы дағдарыста атқарылған істі тізіп шығайық.

2020-шы жыл пандемиямен есте қалды. Қиын шақта 2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Пандемияның салдары мен одан туындаған экономикалық қиындықтарды еңсеруге 6 трлн теңгеге жуық қаржы бөлінді. 4 жарым миллионнан астам адамға 42500 теңгеден қаржылай көмек берілді. «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы іске қосылып, оған 1 трлн теңге бөлінді. Дәрігерлердің жалақасы көбейтілді.

Саяси өзгерістер. Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келген бойда оппозиция өкілдерін ашық диалогқа шақырды. Сөйтіп Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Кеңестің бастамасымен 2 жылда 17 заң қабылданды. Соның бірі сайлау туралы заң.  

Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі:

Парламент сайлауына табалдырық 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілетін болып отыр. Сонымен қатар сайлау бюллетендеріне бәріне қарсымын деген графа енгізілетін болып отыр. Және ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы енгізілетін болады.

Кеңестің аясында саяси бағыттың өзінде 10 заң қабылданған. Оның бірі жаңа ғана атаған сайлау туралы заң болса, енді бірі бейбіт жиындар туралы заң.

Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі:

Бейбіт жиындар туралы, митингтер туралы заңның қабылданғанына бір жыл өтті. Бұл заң қалай жұмыс жасады? Сараптайық деп кездескенімізде енді сарапшылардың өздері де айтып отыр бұл заңның іс жүзіне қандай оң өзгерістер алып келгенін де. Көріп отырсыздар үлкен қалалардың орталықтарында бейбіт жиындар өтіп жатыр.

Жеміс Тұрмағамбетова, Адам құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық қордың атқарушы директоры:

– Қазір қоғам белсенділері мен құқық қорғау органдарының өкілдері бейбіт жиындарды уағдаласа отырып өткізетін болды. Азаматтар алдын ала ескертіп, белгіленген күні алаңдарға шыға алады. Ал, жалпы тәртіпті бақылап тұрады.

Бір кездері шетелдіктерге «жер сатылады екен» деп халық өре түрегелген. Ұлттың жанды жері - жер мәселесіне Президент нүкте қойды. Жерді шетелдіктерге сатпау жөніндегі шешім заң жүзінде бекіді.

Мұхтар Тайжан, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

Енді мына ауыл шаруашылығына арналған жерлер, яғни Қазақстан аумағының 80% шетелдіктерге және шетел азаматтарына жер сатылмайды, жалға берілмейді. Ол халықтың үлкен жеңісі деп білемін.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болған соң баспасөз мәслихатын өткізіп, сол кезде өзін істің адамы екенін айтқан:  «Я человек реальный. В политику я пришёл не с улицы, не с чердака свалился. Я хорошо представляю кухню, будь то внутренняя или внешняя политика».

Президент мемлекетті басқаруда реформаларды ешкімге жалтақтамай жүргіземіз деген ұстанымын да ашық айтқан болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз реформаларды біреуге ұнау үшін, олардың алдында жақсы көріну үшін не болмаса біреулерге есеп беру үшін жүргізіп отырғанымыз жоқ. Реформаларды ешкімге жалтақтамай, ұдайы іске асырамыз. Бұған ешкімнің күмәні болмауы тиіс.

Ал маусымның тоғызында, яғни бірер күн бұрын Президент адам құқықтарын жақсарту жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Үкімет енді БҰҰ-ның шарттық органдарымен және ұйымның Адам құқықтары бойынша кеңесінің арнаулы рәсімдерімен өзара іс-қимыл тетігін жетілдіреді. Адам саудасымен күрес өзгереді. Мүгедектігі бар азаматтарға көмек беру ісі жетілдіріледі. Бұдан бөлек, Жарлық пікір білдіру бостандығын, адамның өмір сүруге және қоғамдық тәртіпке қатысты құқығын қорғап, үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл тиімділігін арттыруды, қылмыстық сот төрелігі, атқару және азаптаулар мен қатыгез іс-әрекеттердің алдын алуды көздейді. Президент айтқан ірі реформалардың соңғысы осы. Әзірге...

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Ербол Дайыров