Мемлекет басшысы ИЫҰ ғылым және технология жөніндегі екінші саммитіне қатысты

Қазақстан Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдерге гуманитарлық көмек ретінде өз вакцинасын ұсына алады. Сонымен қатар ислам мемлекеттерінде QazVac екпесін өндіру мүмкіндігін қарастыруға дайын. Қазір отандық вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында мақұлдау рәсімінен өтіп жатыр. Бұл туралы бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және технология жөніндегі халықаралық онлайн саммитте айтты. Жиын Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында екінші мәрте ұйымдастырылды. Бұған дейінгі жиын 2017 жылы Қазақстанда өткен еді. Саммитте тағы қандай мәселе көтерілді? Ислам әлемін алда не күтіп тұр? 

Ислам ынтымақтастық ұйымы - қатысушылар саны және географиялық ауқымы жағынан алып құрылым. 57 мемлекетті біріктірген бірлестік. 2017 жылы осы ұйымның ғылым мен технология жөніндегі алғашқы саммиті өткен болатын. Халықаралық ЭКСПО көрмесімен тұспа-тұс елордада ұйымдастырылып, бірнеше елдің басшысын офлайн алаңға жинады. Ал биылғы басқосу онлайн. Пандемия кедергі демесеңіз, ислам әлемінің бірлігі әлі де бекем. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ислам әлемі ғылыми ой-сананың негізі болған. Ұйымның қазіргі тарихи міндеті өмірден өткен ұлы тұлғаларға құрмет көрсете отырып, ғылыми ілгерілеу жолымен алға қадам басу. Ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығының атап өтілуіне орай ИЫҰ-ға мүше елдердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің 47-сессиясында арнайы қарар қабылданғаны үшін Ұйым мемлекеттеріне алғыс білдіремін.

Қазақстан Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдерге гуманитарлық көмек ретінде өз вакцинасын ұсына алады. Сонымен қатар ислам мемлекеттерінде QazVac екпесін өндіру мүмкіндігін қарастыруға дайын. Қазір отандық вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында мақұлдау рәсімінен өтіп жатыр.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан ИЫҰ-ға мүше елдерге гуманитарлық көмек ретінде өз вакцинасын ұсынуға дайын болады. Сонымен қатар біз QazVac вакцинасын Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше өзге де елдерде өндіру мүмкіндігін қарастыра аламыз. Біздің академиялық және ғылыми-зерттеу институттарымыздың флагманы саналатын Назарбаев Университеті, сондай-ақ Astana IT орталығы жасанды интеллект, Big Data және киберқауіпсіздік салаларындағы бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік-конструкторлық жобалар үшін база қалыптастыра алады.

Жиын Ислам ынтымақтастық ұйымы аясында екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Биыл Біріккен Араб Әмірліктері шараға ұйытқы болды. Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияға қарсы күрестегі ортақ күш-жігер туралы айта келіп, вакциналарды әділ бөлуге және оларды саяси құрал ретінде пайдалануға жол бермеуге шақырды. 2025 жылға қарай Қазақстан ғылым саласының қаржыландырылу үлесін ішкі жалпы өнімнің 1 процентіне, ал білім беру ісінде 7 процентке дейін арттыруды көздеп отыр. Сонымен қатар еліміз ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің студенттері үшін бакалавриат бағдарламасы бойынша отандық оқу орындарында 100 грант бөледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ислам әлемінің ғылыми әлеуеті зор деген ортақ пікірді қолдаймыз. Алайда адам капиталын дамытуда, әсіресе сапалы білім беру ісіндегі инвестициялардың көлемін арттыруымыз қажет. Сонымен қатар ғылыми ықпалдастығымызды нығайтып, дамыту өте маңызды болып отыр. Дәл осы шаралардың арқасында ислам әлемінің ғылым мен инновация саласындағы абыройын арттыра аламыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде экономиканы цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту, Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер тобына қолдау көрсету жұмыстарын жалғастыру мәселесін де көтерді. Елдеріміздің келешегі ғылыми-техникалық және инновациялық даму саласындағы жетістіктерге байланысты, деді Мемлекет басшысы. 

Автор: Рауан Мыңбаев