Қ.Тоқаев: Біз өзімізді ауыл шаруашылығы өнімдерімен толық қамтамасыз етуге көшуіміз керек

Көкшетауда жылу электр орталығы салынады. Ауылшаруашылық машиналарын жасау да басты бағыт.

Біз іс жүзінде өзімізді ауыл шаруашылығы өнімдерімен толық қамтамасыз етуге көшуіміз керек. Мұны Президент айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысы бүгін жұмыс сапарымен Көкшетауға барды.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

 

- Бірінші борт Көкшетауға таңда келіп қонды. Ұшақтан түскен бойда Президент ауылшаруашылық техникасын құрастыратын кәсіпорынға барды. Цехты аралады. Аралады да агросалаға қажетті машина жасаудың маңыздылығына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ауыл шаруашылығы машиналарын жасау біз үшін басым бағыт саналады. Үкімет ауыл шаруашылығы мәселелерімен айналысуы қажет. Әлемде не болып жатқанын көріп отырсыздар. Азық-түліктің бағасы 40%-ке қымбаттады. Біз еліміздегі бағаны ұстап тұруға тырысамыз. Бірақ бұл оңай емес. Аталған мәселелерді шешеміз. Әрине, Қазақстан ауыл шаруашылығы дамыған ел болуы тиіс. Біз іс жүзінде өзімізді ауыл шаруашылығы өнімдерімен толық қамтамасыз етуге көшуіміз керек.

Хош. Зауытта Ресей және Қытай компанияларының комбайн, тракторлары жиналады. Былтыр 500-ден аса техника сатылса, биыл 600 шақты комбайн мен 150-дей трактор құрастыру жоспарда бар.

Азамат Жақыпов, компания директорының орынбасары:

- Тек қана екі модель емес, тағы да басқа астық жинау модельдерін осы Көкшетау өңірінде жинап шығаруды жоспарлап отырмыз. 4 модельге дейін астық жинайтын комбайндарды. Және де 5 модель трактор шығаруды жоспарлап тотырмыз. Және де арнайы техниканы жинауды жоспарлап отырмыз келесі жылдан бастап.

Компания тағы бір зауыт салмақ. Жә. Жасалған техниканы көріп, жоспарды тыңдаған соң Президент екінші нысанға аттанды. Мемлекет басшысы аялдаған бұл ғимарат «Болашақ сарайы» деп аталады. Сәулеті келіскен кешен былтыр қарашада ашылды. Екі блоктан тұрады. Біріншісі зияткерлік және шығармашылық үйірмелерге арналған. Ал, екіншісі спорттық бағытта жұмыс істейді.

Бірегей сарайда 76 үйірме бар. Кешенге мүмкіндігі шектеулі балалар да келе алады. Олар үшін екі кабинет жабдықталған. Мұндай сарай бұрын-соңды Көкшетауда болмаған. Ерекшелігі...

Аят Әубәкіров, Bolashaq Saraiy басшысының орынбасары:

- Ерекшелігі – бір жерден балалар өз білімдерін жетілдіре алады. Егер мұның алдында балалар көркем суретті тек қана көркем сурет мектебінен алатын болса, спортпен тек қана спорт залдарда шынықтыратын болса, мында барлығын бір жерден алуға мүмкіншілік бар. Балалар 4 жастан 21 жасқа дейін қатыса алады. Яғни оқушылар да, мектепке дейінгі балалар да және студенттер де осы жерде өз білімдерін жоғарылатады.

Осы «Болашақ» сарайының ішінде Мемлекет басшысына облыс әкімі есеп берді.

***

Президент: Мал азығына ерекше көңіл бөлу керек

Ақмола астығымен аты шыққан аймақ қой. Алайда биыл ахуал күрделі. Үш айда түскен жауын-шашын мөлшері небәрі 54 мм. Бұл жылдағы орташа көрсеткіштен 2 есеге аз. Президент осы ретте мал азығына да тоқталды. «Жем-шөпті қажетті көлемде жиып алыңдар», деді. Биылғы жаздың малға қиынға соққанын да еске салды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Биылғы жаз нені көрсетті?! Шаруалар малды сатып алады да, өздерін фермерміз деп атайды. Бірақ малдың азығына тиісті деңгейде қамданбайды. Қазір бұл мәселеге ерекше көңіл бөлу керек.

Әкім Президентке халықтың алғысын жеткізді. Бүгін Мемлекет басшысы Қосшыны облыстық маңызы бар қала қылу жөнінде Жарлыққа қол қойды. Бұл халықтың тілегі еді. Тілек бүгін орындалды. Қасым-Жомарт Тоқаев реті келгенде осынау шешімнің маңыздылығына тоқталды. Елді мекенге қала мәртебесін беру Қосшының тынысын ашады деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қағаз бойынша Қосшыда 40 мың адам тіркелген. Бірақ шынтуайтына келгенде 80 мың азамат тұрады. Қандай да бір мәселелерін шешу үшін жұрт облыс орталығы Көкшетауға сабылады. Қанша уақыт кетеді. Сондықтан халыққа барынша ыңғайлы болу үшін Қосшыға қала мәртебесін беру туралы шешім қабылданды.

Көкшетау – елімізде жылу орталығы жоқ жалғыз қала. Осыдан екі жыл бұрын шаһарға келген кезінде Мемлекет басшысы бұл жерде жылу электр орталығы салынатынын айтқан еді. Президенттің осы тапсырмасын орындау үшін облыс әкімдігі Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Әкім бұл жобаның қиын екенін атады. Бірақ бастаған істі аяқтау қажет!

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл жобаның құны өсті. 240 млрд теңге болды. Алайда оны салу маңызды. Жылу электр орталығы ұзақ жылдар бойы қызмет етеді. Бұдан қала халқының тұрмысы жеңілдейді. Сондықтан Үкімет аталған жобаны соңына дейін жеткізеді деп ойлаймын.

***

Облыста қатерлі ісікке шалдыққандар саны өсіп барады

Болашақ сарайын аралап, әкімнің есебін тыңдап, тиісті тапсырмасын берген соң Президент онкологиялық емханаға барды. Баратындай-ақ еді. Себебі...

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Себебі Ақмола облысында онкологиялық ауру өршіп тұр. Өңір қатерлі ісікке шалдыққандардың саны бойынша республикада алдыңғы бестікке кіреді. Қазір облыста 9100-ге жуық азамат есепте тұр. Жыл сайын шамамен 2 мың адамнан қатерлік ісік анықталады.

Мұнда соңғы үлгідегі компьютерлік томография, бірнеше МРТ мен ультрадыбыстық зерттеу аппараты және цифрлық рентген бар. Бұған дейін тұрғындар онкологиялық диспансердің ескі әрі тар ғимаратында емделуге мәжбүр еді. Одан ем таппаса, өзге қалаларға сабылатын.

Талғатбек Мұқышев, Ақмола облысының тұрғыны:

- Бұрын мұнда болмағанда Нұр Сұлтанға жіберетін, онда енді алыс, пәтер алу керек. Оны күткенше бір ай өтеді. Ауырып жүрген кісілер қиналатын. Мынау енді ашты. Рахмет бәріне, ыңғайлы.

***

Мемлекет басшысы ақ халаттыларға алғыс айтты

Ақ халаттылардың еңбегі ерен. Әсіресе, соңғы екі жылда медицина мамандарына артылған жүк ауыр. Президент те әрқашан алғысын айтып келеді. Бүгін де айтты.

Президент «Eurasia Group Kazakhstan» компаниясына да соқты. Мұнда әлемнің үздік ауылшаруашылық өнімдері сатылады. Салаға қажетті техниканың бәрі бар. Ел нарығында 20 жыл. Енді қызмет көрсету орталығын іске қосты.

Алмас Қасымов, компанияның өңірлік дамыту бойынша директоры:

- Бұрын біздің клиентіміздің техникасы сынып қалса қосалқыларды шетелден күтіп отыратынбыз. Енді осы қосалқылар қоймада артығымен тұрады. Біздің клиентімізге, ауыл шаруашылығының иелеріне өте жеңіл болады. Олар қосалқыларды күтпей, келіп сатып алып, өздеріне қоя береді.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Көкшетауда тек өндіріс, кәсіпорындардың саны ғана көбейіп жатқан жоқ. Тұрғын үй құрылысы да қарқынды. Әсіресе, мына Қопа көлінің маңы абаттандырылып, қасында жаңа үйлер бой көтеруде. Алдағы 5 жылда қалада 100 үй салынады. Президент бұл бағыттағы жұмысты оң бағалады. Сөйтіп, «мемлекет халық алдындағы міндетін орындауы тиіс», деді.