Мамандар ХҚКО маңындағы «астыртын» көмекшілерден сақтануды ескертеді

Бейтаныс адамға сенем деп үй-жайыңыз бен көлігіңізден айырылып қалмаңыз!

Халыққа қызмет көрсету орталығының маңында тегін қызметті ақшаға сататын «астыртын» көмекшілер жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар олар азаматтардың электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы жеке деректерін иеленіп алады деп дабыл қағып отыр. Елорда тұрғындары болса, сырттағы көмекшілердің көбеюіне қызмет көрсету орталығындағылардың өздері кінәлі деп отыр.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Мемлекеттік тегін қызметтерді ақшаға жасап берем деп жүрген мына адамдар кім? Олар бір емес, бірнеше адам. Таңнан кешке дейін Халыққа қызмет көрсету орталығына кезекте тұрғандарға «анықтамаңды әп-сәтте жасап берем» деп өз қызметтерін пұлдайды. Асыққандар айтқанына көніп, жетегінде кетіп жатыр. Алайда, әр азаматтың құжаттары құпия сақталатын электронды цифрлық қолтаңбаны бөгде біреуге сеніп тапсыру қиын. Себебін маманның өзі айтсын...

Бауыржан Бектұрсынов, халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы:

- Олармен біз күресіп жатырмыз. ХҚКО ішінде өзіне өзі қызмет көрсету орны ашылған. Онда адамдарға көмектесеміз. Оларға жүгінген азамат өзінің ЭЦҚ-ны сеніп тапсырады. Ал, ол барлық ақпарат арқылы өздері операция жасауы мүмкін. Үйге тіркеуі т.б. Бұл дұрыс емес. Даладағы адамдарға жақындамауын өтінеміз.

Ал, бас шаһар тұрғыны Павел Коханец «астыртын көмекшілердің» көбеюіне қызмет көрсету орталықтарының өздері кінәлі дейді. Өзі ондайлардың көмегіне жүгінуден жүрексінеді. Айтуынша, орталықтардың кезекті брондау жүйесі бірізді емес. Алдын ала жазылған күннің өзінде ұзын-сонар кезектен кіре алмай дал.

Павел Коханец, қала тұрғыны:

- Мен қызмет көрсету орталығына екі апта бұрын жазылғанмын. Алайда мында ұзын-сонар кезек. Маңайда жүрген бірнеше адам цифрлық қолдаңба жасап, үйге тіркеймін деп қасыма келді. Әрине, бұл адамдар ол қызметі үшін ақша алады. Бірақ мен өзіме ғана тиесілі құжаттарды бөтен адамдарға сеніп тапсыра алмаймын.

Жалпы бүгінде 700-ден астам қызмет тегін көрсетіледі. Оның 90%-і электронды түрде жасалады. Яғни, үйде отырып-ақ кез келген анықтамаға қол жеткізе аласыз. Алайда, халыққа қызмет көрсету орталығықтарының маңын торуылдаған «астыртын көмекшілердің» айтқанына сенетіндер көп. Салдарынан «интернет алаяқтардың» шырмауына түсіп қалуы мүмкін. Бейтаныс адам электронды цифрлық қолтаңбаны ашу арқылы кез келген азаматтың дербес деректеріне оңай қол жеткізе алады. Киберқауіпсіздікті зерттеушілердің айтуынша, тіпті атыңыздан онлайн несие рәсімдеуі де ғажап емес.

Иван Филко, киберқауіпсіздік бойынша сарапшы:

- Бір сөзбен айтқанда, сіз алаяқтарға өзіңіз туралы барлық ақпаратты беріп тұрсыз. «Астыртын көмекшілер» сіз туралы дербес деректерді жинай алады. Себебі электронды цифрлық қолтаңбаңызды олар өздері ашып бергендіктен барлық деректерді біліп отырады. Телефон арқылы өзін банк қызметкері немесе полиция ретінде таныстыратындар көбейді. Олар атыңызға несие рәсімдеп алуы да мүмкін. Сондықтан бейтаныс адамға құпия құжаттарды сенбеген жөн.

ХҚКО-ның басшылығы «астыртын көмекшілердің» мәселесіне араласа алмайтынын айтты. Себебі, қарапайым азамат ретінде мекеме маңында жүруге құқылы. Бұл мәселе құқық қорғау органдарына тиесілі деді. Ал, қалалық полиция департаменті бұл жағдайға түсінік беруден бас тартты. Сондықтан арна редакциясы Ішкі істер министрлігіне ресми хат жолдады.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Наурызбай Құрманғазы