Ауғанстандағы ахуалдың Қазақстанға белгілі бір дәрежеде қатері бар – Қ.Тоқаев

Ауғанстандағы жағдайға байланысты қоғамда алаңдаушылықтың артып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл оқиғалар Қазақстанға тікелей қауіп төндірмейді.

Алайда белгілі бір дәрежеде қатері бар. Мемлекет басшысы осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Алматы облысында өткен «Қайсар-2021» оқу-жаттығуын көрді. Арнайы жасақтар мен Ұлттық Ұлан сарбаздарының әлеуетін бағалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пойызды басып алған лаңкестер. Қылмыскерлерге шабуыл жасаған арнайы жасақ жауынгерлері. Бұл «Қайсар-2021» жедел-тактикалық оқу-жаттығуы.

Жан-жақтан төнген шабуылдан лаңкестердің беті қайтып қалды ма, көп ұзамай берілді. Бүгін шымыр жігіттер мүмкіндіктерін іспен дәлелдеді. Алматы облысында өткен «Қайсар-2021» оқу-жаттығуына полиция мен Ұлттық Ұланның әскери қызметкерлері қатысты. Жүктелген міндет мүлтіксіз орындалды. Осы оқу-жаттығу барысында Президент жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығын да аралап шықты. Мұнда Ұлттық ұланның және ІІМ-нің арнайы мақсаттағы қызметкерлері жаттығады.

Бұл – барлық қажетті құралмен жабдықталған еліміздегі жалғыз кешенді жаттығу орны. Әлі оқ ата қоймаған, әскери техника тізгіндеп көрмеген жігіттер осы жерде дайындықтан өтеді.

Серік Ноғаев, ҚР ұлттық ұланы 6654 әскери бөлімі батальон командирінің орынбасары:

– Бұл ангарлық типтегі мультимедиялық тир ішінде БРР, Урал, Камаз және Тигрден атуға және жүргізуге арналған кешенді құралдары орналасқан. Біздің ең басты мақсатымыз – алғашқы жаңадан келген жас әскери қызметшілерге мамандық бойынша үйрету. Яғни көбісі біріншіден қаруды немесе техниканы жауынгерлік техниканы бірінші рет көріп тұрғандықтан көбі өз өзін артқа қарай тартады. Яғни сасады, сасқалақтайды.

Бұл жердің тиімділігі сол – әскерилер шығынсыз жаттығады. Яғни жүріп-тұруға көлік, атуға оқ қажет емес. Қарулар лазерленген. Ең бастысы қауіпсіз.

Бауыржан Мұқашев, ҚР ұлттық ұланы 6654 әскери бөлімінің аға оқытушысы:

– Жаттығудың нәтижесін компьютер есептеп шығарады. Яғни адам араласпайды. Әскеридің оқу кезінде жіберген барлық қателігі мониторда көрініп тұрады. Соңында бағасын да қоятын – компьютер. Бұрындары бір әскери қызметшіні техника жүргізуге немесе қарумен атуға үйрету үшін алаңға 10 адамды шығаратын едік. Ал қазір мына жердегі жаттығуға екі-ақ адам қатысады. Оның бірі – үйреніп жатқан әскери, екіншісі – нұсқаушы.

Қаруды, ауыр-ауыр техниканы әбден меңгеріп, машықтанып алған соң әскерилер далаға жіберіледі. Оқығанын, көкейге тоқығанын жігіттер ендігі жерде ұрыс алаңында көрсетеді. Дайындық пен әлеуетті көрген соң Қасым-Жомарт Тоқаев әскерилер алдында сөз сөйледі. Ел іргесінің бүтіндігі сіздерге байланысты деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында елімізде қоғамдық қауіпсіздік берік орнықты. Қылмыспен күресіп, азаматтардың алаңсыз тіршілігін қамтамасыз ету – тәуекелі көп жұмыс. Тәртіп сақшысы кез келген уақытта қатердің бетін қайтаруға дайын тұруға тиіс. Бұл зор жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Полиция қызметкерлері қашанда қырағы әрі ширақ болуы керек. Сондықтан осындай оқу-жаттығулар кәсіби шеберлікті шыңдау үшін өте маңызды.

Құқық қорғау органдарындағы қызмет жауапты әрі қауіпті. Өзгенің өмірі үшін кеудесін оққа тосып, сын сағатта аянып қалмаған қаһармандарымыз аз емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Тәуелсіздік жылдарында ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қатарынан, барлығы 802 азамат қызметтік міндеттерін орындау барысында қаза тапты. Олар өмірінің соңына дейін антына адал болды. Ерлердің есімі мәңгі ұмытылмайды. Жанқиярлығы мен батырлығы үшін 1567 қызметкер ордендермен және медальдармен марапатталды.

Елім деген ерлерге қолдау да зор. Президент бүгін құқық қорғау органдарындағы қызметкерлердің һәм әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсарта түсеміз деді. Алдағы үш жылда ішкі істер органдары қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 30 процентке өседі. Бұл мақсатқа 100 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ұлттық ұлан сарбаздарының айлық жалақысы біртіндеп өсіп келеді. 2021-2023 жылдары офицерлердің жалақысы 70 процентке, келісімшарт бойынша қызмет ететін әскерилердің еңбекақысы 60 процентке жуық артады. 2024 жылдың соңына дейін арнайы күштерде қызмет ететіндер мен келісімшарт бойынша қызмет артқарып жүргендердің бәрі офицер шенін алады. Жыл сайын тұрғын үйге қомақты қаражат жұмсалып келеді. Қазіргі кезде 24 мың полиция қызметкері мен 13 жарым мыңнан астам әскери қызметшіге тұрғын үй төлемдері беріліп тұрады. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күзететін қызметкерлерге жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсету – мемлекетіміздің басымдықтарының бірі болып қала береді.

Сөз соңында Президент бүгінгі оқу-жаттығуға бағасын берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігі түрлі қауіпті оқиғалардың алдын алуға және жолын кесуге тас түйін дайын екендерін көрсетті деді. Сөйтіп мұнымен босаңсуға болмайтынын, мамандарды дайындау жүйесін дәйекті түрде жетілдіріп тұру қажеттігін қаперге салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Халықаралық ахуалдың шиеленісуі жағдайында біздің күштік құрылымдар мейілінше ұтқыр болуға тиіс. Ауғанстандағы жағдайға байланысты қоғамда алаңдаушылық артып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл оқиғалар Қазақстанға тікелей қауіп төндірмейді. Алайда белгілі бір дәрежеде қатері бар. Сондықтан біз жағдайды мұқият бақылап, кез келген сын-қатерге лайықты жауап беруге дайын болуымыз керек.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

– Қазір өзі әлем тұрақсыз. Айналада не болып жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан күштік құрылымдар бес қаруын сақадай сайлап отыруы тиіс. Алайда мұның бәрі дайындық күйінде болса дейміз. Елімізде оқ атылмасын. Қаруды шындап қолға алатын күн тумасын!

Қорған Қонысбайұлы, Айдос Меделбеков, Дулат Ентебеков