Ақтаудағы жарылыстан зардап шеккендер жоқ. LIVE

Қаладағы «Шерқала» кешенінде орналасқан екі қабатты дәмханада  болған жарылыстың себептері анықталуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеше кешқұрым Ақтаудағы дәмханада жарылыс болып, 2 қабатты ғимарат түгел қирады. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген. Алдын ала болжам бойынша, газ баллонды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ескерілмеген. Жарылысқа қатысты жедел штаб құрылып, кешелі бері оқиға орнында мамандар жұмыс істеп жатыр.

Кешенде сондай-ақ дүкен, сауна, мейрамхана орналасқан. Жарылыс шамамен 100 текше метр аумақты қамтыған.

Бекболат Әбдіқадыров, Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:

– Зардап шеккендер жоқ. Жұмысшылар жұмыс күні біткен соң ғимараттан шықты.

Кешен иесінің айтуынша, үйінділердің астында 50 литрлік екі газ баллоны болуы мүмкін.

Айта кетейік, Ақтаудағы жарылыстан қайтыс болғандар туралы түрлі ақпараттар тарап жатыр. Бірақ көбі жалған. Зардап шеккен ешкім жоқ.

Маңғыстау облыстық ауруханасының бас дәрігер Жәнібек Әжмұхановтың айтуынша, кеше облыстық аурухананың қабылдау бөліміне жарылысқа қатысты қоңырау тіркелген жоқ. Ал жарылыс болған «Шерқала» кешеніндегі дәмхана иесі Абай Әміреев оқиға болған уақытта іште ешкім болмаған деп отыр.

Абай Әміреев, дәмхана иесі:

– Адам қалған жоқ, отбасы, бала-шағамды алып 19:30-да шығып кеткем. Қасымдағы электриктер, екінші қабаттағы тігін цехы туралы ештеңе айта алмаймын. Кафеде ешкім болған жоқ.