Тоқаев: Бүлік бірнеше жыл бойы ойластырылған

Бүлік басталғанда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің кейбір өңірдегі департамент басшылары ғимараттарын, яғни қызметтік орындарын тастап кетіп қалған. Қажетті көлемде арсенал болғанына қарамастан олар ойран салғандарға қарсы тұрмады. Президент осындай сын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгер күші екі күннен кейін елден шыға бастайды» деді. Жалпы әскерді шығару процесі 10 күннен аспайды. Жиында тағы не айтылды? Алдағы уақытта күштік құрылымда, құқық қорғау органдарында қандай өзгерістер болады?

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Қаңтардағы қасіреттің себептерін анықтап, оның салдарына нақты баға беру керек. Президент осыны тапсырды. Яғни кінәлілер жауапсыз һәм жазасыз қалмайды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сондықтан еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру алдымызда тұрған өте маңызды міндет.

Ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланғысы келгендер болды. Мысықтілеулілер түрлі құйтырқы әрекеттерге барды. Мемлекетте төңкеріс жасап, билікті басып алғысы келгендер тек қаруға ғана жүгініп қойған жоқ. Ақпараттық шабуыл да жасады. Салдарынан кешегі қасіретті күндерде қоғамда қарама-қайшы, шындыққа жанаспайтын ақпарат тарап кетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мұның әрине бірнеше себебі бар. Кей азаматтарымыз ахуалды егжей-тегжейлі білмей тұрып қате пікірде болса, кейбірі әдейі ақпаратты бұрмалап, жағдайды одан бетер ушықтырады. Бірақ бізге керегі тек ақиқат ғана. Сол себепті оқиғаларды мұқият зерттей отырып, айтарым: жыл басынан бері болған барлық жағдайлар бір тізбектің тармақтары деуге толық негіз бар. Ашығын айтсақ, бұл бірнеше жыл бойы алдын ала ойластырылған зұлымдықтың көрінісі. Олардың көздегені өздерінің қатыгез пиғылдарын іске асыру болғаны айдан анық.

ҰҚК ЕЛГЕ ТӨНГЕН ҮЛКЕН ҚАТЕРДІҢ АЛДЫН АЛМАДЫ

Барлығы алдын ала жоспарланған. Бүліктің сценарийі кәсіби түрде ұйымдастырылған. Тіпті Жамбыл облысында болған тәртіпсіздіктер, ұлтаралық қақтығысқа да арандатушылардың қатысы бар. Президент осылай деді. ҰҚК құзырлы орган ретінде бұл жұмысқа нақты баға бергісі келмеген. Ұлттық қауіпсіздікке төніп тұрған қатерді аңғармады. Шабуылды ұйымдастырушылар өз сағатын күткен. Қаскөйлер газдың қымбаттауына қатысты бейбіт шеруді пайдаланған. Осыдан соң Жаңаөзен мен өзге облыстарда митингтер өткенін білеміз. Кейін бұған қылмыскерлер мен бұзақылар қосылды. Одан кейін шетелдік шабуылшылар мен лаңкестер тап берді. Президент мұның артында бір ғана мүдде жатқанын айтты. Қырғын салғандардың мақсаты шаңырақты шайқалту, билікті басып алу еді.

Қ. ТОҚАЕВ: ҰҚШҰ ӘСКЕРІ ЕКІ КҮННЕН КЕЙІН ЕЛДЕН ШЫҒАРЫЛА БАСТАЙДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Халықаралық террористер елімізге қарсы қатыгездік көрсетті. Осыдан кейін біз заңды түрде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіндік. Бітімгерлік күш жеберулерін сұрадық. Әйтпесе Алматыны террористер басып алатын еді. Ал Алматыдан айырылсақ, одан соң ел астанасын, сосын елімізді жоғалтар едік. Осыны түсіну керек. Бітімгерлік күш келген соң біз Алматыға қосымша арннайы жасақтарды жөнелттік. 

Президент ұйымға жүгіну себебін осылай түсіндірді. Әйтпесе бұған қатысты түрлі қауесет тараған. Шет елдердегі жаңсақ пікірдің алдын алу керек, деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл ұйым ұжымдық қауіпсіздік мәселелерімен айналысады. Қазақстан оның толыққанды құрылтайшысының бірі. Осы ұйымның барлық мүшесінен жасақталған бітімгершілік күші Қазақстанға уақытша мерзімге ғана келді. Олар маңызды нысандарды ғана күзетеді. Ал лаңкестерге қарсы операцияны толығымен өзіміздің күштік құрылымдар жүргізіп жатыр. Соның арқасында төңкеріске жол берілген жоқ. Ал өзге елдердің әскерилеріне келетін болсақ, олар санаулы күнде қазақ жерінен шығарылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Барлық өңірле жағдай тұрақты. Осыған байланысты ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгер күштерінің негізгі миссиясы сәтті аяқталды деп мәлімдеймін. Екі күннен кейін ұйымның бірлескен бітімгер контингентін кезең-кезеңмен шығару басталады. Контингентті шығару процесі 10 күннен аспайды.

БІРҚАТАР ҚАЛАДА ҰҚКД БАСШЫЛАРЫ ҒИМАРАТТАРЫН ТАСТАП КЕТКЕН

Бүлік басталғанда бірқатар қалада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшылары антына адалдық таныта алмады. Тіпті кейбірі жеткілікті көлемде әскери арсенал болғанына қарамай, қызметтік ғимараттарын, ондағы қару, құпия құжаттармен қоса тастап кеткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мұның артында кім тұрғанын анықтау өте маңызды. Содырлардың шоғырын және олардың командалық пункті барын мемлекет қалай ғана білмей қалды? Ел аумағына көп көлемде қару-жарақ пен арнайы жабдық қайдан кіріп кетті? Агенттіктің жұмысы неге жүргізілмеді? Арнайы тергеу тобы осының бәрін мұқият анықтауы керек.

ПРЕЗИДЕНТ: ҚАЗА ТАПҚАНДАРДЫҢ ОТБАСЫНА КӨМЕК БЕРІЛЕДІ

Президент тапсырма берді. Бүлік кезінде қаза тапқан тәртіп сақшыларының, әскерилер мен қарапайым азаматтардың отбасына көмек көрсетіледі. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тұрғын үймен, оқумен және басқа да қажетті нәрсемен қамтамасыз етеміз. Төртінші. Қысқа мерзім ішінде қираған дүние-мүлікті қалпына келтіру керек. Толығымен қалыпты өмірге ораламыз. Қаржы жүйесі мен көлік саласының, азық-түлік жеткізу ісінің еш кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тапшылығын, бағаның негізсіз көтерілуін болдырмау маңызды. Үкімет комиссиясы өз жұмысын бастап кетті. Ол азаматтар мен бизнеске қолдау көрсетеді. Мемлекет қаржылай көмекпен қатар кәсіпкерлерге басқа да қолдау түрлерін ұсынады. Атап айтқанда, несиелер бойынша пайыздық төлемдер, айыппұл мен өсімпұл белгілеу тоқтатыла тұрады.

Сарбаздарды, әскери техника мен қару-жарақты қажетті жерге жедел жеткізу үшін әскери-көлік авиациясы паркі толыға түседі. Елімізден құт-береке қашпауы үшін, жеріміздің шетін жау баспау үшін мемлекеттік шекара нығайтылады. Көшіп қонатын да жіті бақыланады.  

ШЕКАРАДАҒЫ ӨТКІЗУ БЕКЕТТЕРІНЕ ТЕКСЕРІС ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Көші-қон, соның ішінде ішкі көші-қон саласын тәртіпке келтіретін кез келді. Қару-жарақ айналымын мұқият тексеріп, оны заң тұрғысынан реттеу қажет.

Тақырыпты сабақтай түсейік. Шекарадағы өткізу бекеттеріне тексеріс жүргізіледі. Әсіресе Қытаймен шектесетін жерде былық көп.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бюджетке түсетін кірісті арттыру кеден саласын ретке келтіруде жатыр. Әсіресе Қытаймен шекарадағы мәселені реттеу керек. Ондағы бейберекет баршамызға аян. Көліктер дұрыс тексерілмейді. Салық пен кеден алымы төленбей жатыр. Қытай кеден органдарымен статистика сәйкес келмейді. Айырмашылық бірнеше миллиард долларды құрайды. Мемлекетіміз миллиардтаған салықтан айырылып жатыр. Бұлай болмайды. Бас прокуратураға Қаржы министрлігі, Қаржы мониторингі агенттігімен және өзге де тиісті органдармен бірлесіп шекарада тексеріс жүргізуді тапсырамын.

АРНАЙЫ МАҚСАТТАҒЫ ЖАСАҚТЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ ӨСЕДІ

Бүлік бізге үлкен сабақ болды. Енді ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін барлық жүйе түбегейлі қаралады. Қарулы күштердің, құқық қорғау құрылымдарының, Ұлттық қауіпсіздік органдарының, сыртқы барлау қызметтерінің жұмысы қайта құрылады. Президент бұл тұрғыда бірнеше міндетті атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біріншіден, құқық қорғау жүйесін реформалауға шұғыл түзетулер енгізу қажет. Біз полицияның сервистік моделін құру және қылмыстық процесті жаңғырту ісінде біршама ілгеріледік. Бірақ жаппай террористік шабуылдарға қарсы тұруға дайын болуымыз керек. Күштік құрылымдардың қолбасшылары жаңа жауынгерлік дағдыларды шыңдауға, қорғаныс пен шабуылдаудың тиімді құрал-жабдықтармен жабдықтауға шұғыл кірісуі тиіс.

Ішкі істер министрлігіндегі арнайы құрылым мен ұлттық гвардияның құрамы кеңейтіледі. Яғни жасақтардың саны артады. Күштік органдардағы барлық арнайы мақсаттағы жасақтың жалақысы да өседі. Президент тәртіп сақшыларын да назардан тыс қалдырмады.

АРНАЙЫ ОПЕРАЦИЯ ЖҮРГІЗЕТІН ТАҒЫ БІР КҮШ ЖАСАҚТАЛАДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Полицейлердің құқығын қорғау деңгейін көтеру керек және билік өкілдеріне жасалған шабуылға, сондай-ақ заңға бағынбайтындар үшін жауапкершілікті қатаңдату қажет. Әскердің даярлығына да күш салған жөн. Жақын арада арнайы операция жүргізетін күш жасақтау қажет. Бұдан бөлек шекара қызметін басқару ісін қайта қарау керек. Тағы маңызды өзгеріс сыртқы, әскери, криминалдық, қаржылық бағытта барлау жүргізетін қызметті толығымен қайта құратын кез келді.  Түрлі қауіпсіздік күштері арасындағы тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету маңызды.

ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙЕДІ

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Діни экстремизмге қарсы бағытталған жүйелі шаралар әзірленеді. «Олардың криминалмен, әсіресе қылмыстық атқару мекемелерінде байланыс орнатуына жол бермеу керек», - деді Президент. Аталған міндеттерді жүзеге асыру жолдарын Президент таяуда өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында көрсетеді. 

Қорған Қонысбайұлы

 

Осы тақырып бойынша өзге тақырыптар:

Мемлекет басшысы мәлімдемесінің толық мәтіні

Үкіметтің жаңартылған құрамы бекітілді: толық тізім

Әлихан Смайылов премьер-министр лауазымына тағайындалды.

Бұған дейін үкімет отставкаға кеткен болатын. Сонымен қатар Ерлан Қарин Мемлекеттік хатшы болып тағайындалды.

Ел неге толқыды

Маңғыстау облысында газ бағасы 50 теңге болды

Ақтөбеде газ бағасы 50 теңгеге түсті

Тоқаев елдегі жағдайға байланысты мәлімдеме жасады

Қазақстан бойынша төтенше жағдай жарияланды

Жалпы бұған дейін Қазақстанда төтенше жағдай неше рет жарияланды.

Төтенше жағдай кезінде нені білу керек.

Маңғыстау облысының әкімі наразылық білдірген жаңаөзендіктермен кездесті

10 қаңтар – Жалпыұлттық аза тұту күні

Кәрім Мәсімов тұтқындалды

ІІМ: «Дикий Арман» ұсталды