Оралдық оқушы ұлттық мазмұндағы ойынды ойлап тапты

Оралдық оқушы Айнамкөз Рафихова ұлттық мазмұндағы «Зерек» атты үстел ойынын ойлап тапты. Ол «Монополия» сияқты танымал ойындарға ұқсас. Бірақ, мазмұн жағынан мүлде бөлек. Мұнда ойыншылар қазақ халқының ертегі кейіпкерлерін еске түсіріп, мақал-мәтел, жаңылтпаш пен салт-дәстүр бойынша білім жарыстырады.

- Кейіпкерлеріңіз жылқы мен түлкі. Мен жылқыны таңдайын, ойнап көрейік. Ойын сүйегін лақтырасыз, сізге 1 саны түсті. Осы 100 сұрақтан таңдап сұраққа жауап беруіңіз қажет.

Ойын алаңында 57 ұяшық бар екен. Мәреге сүрінбей жету үшін сұрақтарға дұрыс жауап беруің керек. Жүріс кезінде от пен судан тұратын тұзақ ұяшықтарға түсіп қалуың мүмкін. Ол кезде оттан Көлтауысар, ал судан Желаяқ секілді ертегі кейіпкерлері құтқарады. Айыппұл төлейтін тұста бонус түріндегі ұлттық валюталар көмекке келеді. Мәреге алғаш болып жеткен ойыншы жеңімпаз атанады. 

Айнамкөз Рафихова, Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы:

- Осындай ойындар елімізде көптеп жарық көру керек. Ол кез келген оқушының, кез келген ересек адамның болмасын тілге, әдебиетімізге деген құлшынысын арттырады және патриоттық сезімінің артуына септігін тигізеді деп ойлаймын. Ойынды ең жақсы нұсқаға жеткенше бірнеше рет өзгертіп отырдық. Және ойынның электронды нұсқасы бар. Ол қазіргі пандемия жағдайында өте ыңғайлы нұсқа деп ойлаймын. Кез келген адам оны жүктеп алып, шығарып өз достарымен, отбасымен ойнай алады.

Марина Серікқалиева, Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы:

- Ойын барысында мен кейбір сұрақтарға жауап таппадым. Өзіммен бірге қатар ойнаған достарымның жауаптарын естігенде осындай да қызықты да қызық мәліметтер бар екенін естідім. Бұл бір жағынан әдебиетпен танысуға екінші жағынан бос уақытыңды пайдалы өткізуге көмектеседі. Сұрақтар өте қызық бағытта құрастырылған. Кейбір әзіл сұрақтар, суретпен берілген мақал-мәтелдер болды. Ойынды ойнап отырып өзің оның қалай жаттап, қалай есіңде қалғанын білмей қаласың.

Айнамкөздің идеясын жүзеге асыруға ұстаздары көмектесіпті. Бастапқыда өз сыныптастары арасында сынақтан өткізіп, кейін біраз жетілдіреді. Бір нұсқасын отбасылық үлгідегі балалар ауылына сыйлаған.

Жансәуле Мақсотова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Осы жобамен айналысу барысында біздер біраз зерттеу жүргіздік. Алайда қазақы, ұлттық мазмұндағы ойындар жоқтың қасы екеніне жоқ екеніне көзіміз жетті. Көпшілік қазақ тіліндегі ойындардың балабақша немесе бастауыш балаларға арналғанын көрдік. Бірақ ересек адамдармен бірге ойнайтын ойындардың жоқ екені байқалды. Осы идея біздерге шабыт берді. Сондықтан үшеуіміз бірлесе отырып бүгінгі күні «Зерек» деген ойын дүниеге келді. 

Ғылыми жобалар байқауында зерек шәкірттің үстел ойыны үздік ден танылыпты. Пандемия жағдайында электронды нұсқасының да пайдасы зор. Ойынды жүктеп алып отбасында немесе достар арасында интеллеуктуалдық сайыс өткізуге болады. Ендігі мақсат авторлық құқық мәселесін шешіп, патент алу болып отыр.

Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Сондай-ақ...