Алматы облысындағы Ұзынағаш кәсіптік колледжі енді халықаралық стандартқа сай білім береді

Оқу орны Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге аса бастаған «Жас маман» жобасын енгізді.

Қазір білім ордасының материалдық техникалық базасын нығайту және модернизациялау жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар инновациялық оқыту тәсілдер де енгізілуде. Шетелдік оқу орындарымен және жергілікті шаруа қожалықтарымен де тығыз әріптестік байланыс орнатылған. Соның нәтижесінде колледж студенттері құрылықтық білім бәсекесінде жеңімпаз атанды.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізіп жатқан Жамбыл атындағы Ұзынағаш кәсіптік колледжінің студенттері. Олар оқу орнының тракторымен шаруашылықта өндірістік іс-тәжірибеден өтіп жатыр. Қос тарап үшін тиімді бастамаға меморандум негізінде қол жеткізілген.

Ерсін Құрмашев, шаруашылық жетекшісі:

- Менің бар техникам бүкіл жерімді жасап үлгермейді. Сондықтан мен осы келісімшартқа қол қойып, уақытында жерімді айдап, егінімді орып алам деп ойлаймын. Егерде бұл балалар жақсы жағынан көрсетсе, тұрақты түрде жұмысқа шақырсам деген ойым бар.

«Жас маман» жобасы аясында колледжге 180 млн теңге қарастырылған. Оған соңғы үлгідегі ауылшаруашылық техникалары алынады.

Болат Алтаев, Жамбыл атындағы Ұзынағаш кәсіптік колледжінің директоры:

- Біздің колледжде «Жол картасы» жасалып, колледждің стратегиялық жоспарын 2021-2026 жылға өзгертіп, қайта жасадық. Оқу жоспары, бағдарламалары шетелдік технологияға байланысты қайта зерделенуде. Финляндияның «Сапрано груп» оқу орталығымен байланысқа түсіп, вебинарлар өткізіп, солармен үрдіс алып, оқытушылар өздерінің біліктілігін арттыруда.

85 жылдық тарихы бар кәсіптік колледжде тракторист-машинист, дәнекерлеуші, электромонтер, автоэлектрик, аспаз сынды 6 мамандық бойынша оқытады. Қазірдің өзінде олар интерактивті курс негізінде білім алып жатыр.

Болат Алтаев, Жамбыл атындағы Ұзынағаш кәсіптік колледжінің директоры:

- Жас маман бағдарламасы өте жақсы бағдарлама. Біз қазір 15 ауылшаруашылық техника алуымыз керек. Оның ішінде тренажерлар мен техникалар бар. Ауылшаруашылық машинасы да бар. Осы алынған техника колледждің бюджетін толтыруға жұмыс істейді.

«Жас маман» жобасы енгізілгеннен кейін колледж халықаралық акредитациядан өтеді. Соның негізінде біліктілікті арттыратын арнайы оқу орталығы ашылмақ.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев