Елімізде қазақ тіліндегі балалар әдебиеті тапшы

Ел кітапханаларында балалар әдебиеті тапшы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, ана тіліміздегі көркем шығармалар өте аз. Мамандар осылай деп дабыл қағып отыр. Сұраныс көп болғанымен, шығарма авторларының кітаптары тек қолжазба күйінде қалып қояды екен. Себебі, өзге кітаптардан қымбатқа түсетін балалар кітабының басылуын жеке авторлардың қалтасы көтере бермейді.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Ақпараттық технология қарқынды дамыған мына заманда бұрынғыдай том-том кітапты жата-жастана оқитындар бар ма? Бұл сұрақ осыдан 7-8 жыл бұрын өзекті еді. Қазір нарықта түрлі жанрдағы кітап та, оны оқитын оқырман да баршылық. Кітапханашылар осылай дейді.

Проза, поэзия, қазақ және әлем классиктерінің кітабын оқимын деген адамға мүмкіндік көп-ақ. Тіпті «Кітап құмар» қауым үшін қазір «Ашық аспан астындағы кітапханада» бар. Осы жаз басталысымен елордадағы жазушылар аллеясында дәл осындай көшпелі кітапхана ашылды. Оқырмандар әр демалыс сайын осында келіп, қалаған кітабын оқи алады. Әттеген-айы сол, балаларға арналған көркем шығармадан сусындағысы келетін жасөспірімдерге ұсынар кітап аз.

Гүлмира Әбілғазина, Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары:

- Нұр-Сұлтан қаласында 18 кітапхана қала тұрғындарына қызмет етеді. Оның 6-ы балалар кітапханасы. Қазір 750 мыңдай кітап қорымыз бар. Өкінішке қарай, балалар әдебиеті өте аз. Көркем әдебиет те, анықтамалық әдебиеттер де аз. Оның ішінде мемлекеттік тілде тіптен аз.

Жазушылар болса, соңғы жылдары балаларға арналған шығармалардың қолжазба күйінде қалып қоятынын алға тартады. Елімізде жас қаламгерлер мен жазушылар одағында 150-ге жуық балалар әдебиетін жазатын қаламгер бар. Жазғандарын баспаға беру мен иллюстратордың жұмысына төлеуге жеке авторлардың қалтасы көтермейді.

Ербол Бейілхан, Балалар мен жасөспірімдер әдебиетін қолдау кеңесінің төрағасы:

- Біздің мемлекетте балалар мен жасөспірімдер 4 млн-дай оқырман бар. Осы оқырмандарға толық жететін кітап аз. Бар авторлардың кітабының өзі мың данамен, екі мың данамен ғана шыққан. Ол бір қалаға, сондағы кітапханаларға ғана тарап кетеді.

Ақын Ербол Бейілханның айтуынша, қазір балалар әдебиеті ғана емес, жалпы кітаптың таралымы үлкен мәселе болып тұр. Кітап шыққан күннің өзінде таралымы аз болса, шалғай ауылдағы кітапханаларға жетпей қалады.

Ербол Бейілхан, Балалар мен жасөспірімдер әдебиетін қолдау кеңесінің төрағасы:

- Қазір қолымызда 50-ге жуық автордың шығармалары бар. Оны жан-жақтан әртүрлі баспаларға ұсынып жатырмыз. Мемлекеттен қолдау болса жақсы болар еді. Мәдениет және спорт министрлігі биыл балаларға арналған біршама кітаптарды шығарамыз деп айтып отыр.

Кітап дүкендеріндегі сөрелер самсап тұрғанымен, балалар әдебиетіне шөлдеп тұрғанын көрдік. Жоқ емес бар. Тек қазақ тіліндегісі бірең-сараң ғана. Сатушылардың өзі сұраныстың жоғары екенін айтып тұр.

Әміржан Мүбәрәков, кітап сатушы:

- Қазір бізде ең танымал жанрлардың ішінде психология, қазіргі әлемдік проза және балалар әдебиеті сұранысқа ие. Қазақ тіліндегі кітаптарды алсақ, балаларға арналған кітаптар сұраныста.

Еліміздің мәдениет және спорт министрлігі биыл «Балалар әдебиеті жылын» жариялап отыр. Ал, Үкіметтің көмегіне телмірген жазушылар жоғарыда айтылған олқылықтардың орны енді тола ма деген үмітте.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Марат Диханбаев, Диас Қобыланбаев, Наурыз Базаров