Биыл бакалавриатқа түсу үшін 56 мыңнан астам грант бөлінді

2021-2022 оқу жылында бакалавриатқа түсу үшін 56 мыңнан астам грант бөлінді.

Биыл Президенттің тапсырмасы бойынша гранттардың жалпы саны 5000-ға артты. Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштерді қабылдау 13 шілдеде басталып, 20 шілдеге дейін жалғасады, деп хабарлады БҒМ баспасөз қызметі.

Гранттардың ең көп саны инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына бөлінді – 17 028 грант. Педагогикалық ғылымдар – 9573 грант, ақпараттық – коммуникациялық технологиялар – 7487, жаратылыстану ғылымдары – 4088, ауыл шаруашылығы ғылымдары – 1895, денсаулық сақтау саласындағы мамандықтарға – 2700, өнер және гуманитарлық ғылымдар – 1615, бизнес, басқару және құқық – 1223, әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат мамандықтарына 960 грант бөлінді.

«Мәңгілік ел жастары – индустрияға» («Серпін») бағдарламасы шеңберінде де гранттардың қарастырылған. 2021-2022 оқу жылындағы білім беру гранттарының толық тізімі ашық дереккөзде орналастырылған.