Алматыдағы мектепте 1«ю» сыныбы ашылды

Алматыдағы №157 жалпы білім беретін мектепте 1«ю» класы ашылды. Биыл бұл оқу орнының табалдырығын алғаш рет 714 бала аттап отыр. Бұл еліміз бойынша ең жоғарғы көрсеткіш саналады. Дегенмен, бұл аймақтағы демографиялық өсімнен бе, әлде мектеп жетіспеушілігінен болған жағдай ма? 

1«ю» сыныбы ашылған №157 мектеп Наурызбай ауданында орналасқан. Бұл аудан 7 жыл бұрын құрылған болатын. Сол уақытта оқушы саны 9 мың болса, қазір 20 мыңға жетті. Мектеп жеткіліксіз болғандықтан алыстан келіп балаларын оқытып жатқан ата-аналар да бар.  

Мақсат Айтбеков, қала тұрғыны:

- Өзім жұмыс істеймін. Кейде жұмыстан сұранамын. Кейде таңертең мамасы әкеліп тастайды. Әрқалай енді. Үйдің қасында мектеп жоқ. 

Наурызбай ауданында 18 мектеп бар. Соның тоғызы мемлекеттік қалғаны жекеменшік. Ал №157 мектеп аралас болғандықтан бала саны да едәуір көбейген. 1540 оқушыға лайықты етіп салынған мектепте бүгінгі таңда 4862  бала  оқиды. Биыл бірінші сыныпқа 714 бала қабылданды. Сыныптағы бала саны 25 оқушыдан аспауы қажет екені ескеріліп 28 сынып ашылған. Ал «ю» әрпімен бітуінің сыры мынада екен.    

Света Ахметова, №157 мектептің директоры:

- Бізде ұқсас әріптерді «Күнделік» алмайды ү, і, ұ сонымен бірге ө деген әріптерді алмау себебіне байланысты. «Ю» деген әріппен орыс сыныбы бітіп тұрғаны осы себептен. Бірінші сыныптың барлығы түгел бірінші ауысымға қамтылған. Мектебімізде 90 сынып комплектісі бар. 90 кабинет бар. Бірінші сменде 89 кабинет, екінші сменде 87 кабинет оқиды. Екі ауысымға аталған оқушылар сыйып тұр.

Наурызбай ауданында көп қабатты үйлердің саны жыл санап көбейіп келеді. Мысалы, соңғы 5 жылда мұнда «Шұғыла», «Нұрлы дала», «Шұғыла Сити», «Алма Сити» сынды тұрғын үй кешендері пайдалануға берілді. Демографиялық өсім мен ішкі миграция да артқан. Тек мектеп құрылысы осы қарқыннан қалып келеді. Оқушы саны ұлғайғайғандықтан былтыр 1800 орындық мектептің құрылысы басталып, осы жылдың аяғында тапсырылады деп жоспарланып отыр. Тағы төрт мектептің құрылысы биыл басталған. 

Мирас Нысанәлиев, Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары:

- «Бүгінгі күн 1800 және 1500 орындық екі мектептің құрылысы басталып кетті. Ол «Қалқаман» ы/а. Сонымен қатар «Алма сити», «Нұрлы дала» бойынша жаңадан 1200 мектептің құрылысы басталып кетті. Келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Ауданда көп қабатты үйлердің алдағы уақытта да салына беретіні анық.

«Сондықтан балабақша, мектеп секілді әлеуметтік нысандардың құрылысы жеке үйлердің құрылыс қарқынынан кем болмаса»,- дейді тұрғындар.

Алмас Садуақас, Әбен Нарынбаев