СҚО-да инклюзивті білім беру жүйесі жақсы жолға қойылған

Мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік ортаға бейімдеп, инклюзивті білім беру бағдарламасына барынша көңіл бөледі, деп хабарлайды Хабар 24.

Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында, екі мыңнан астам бала оның игілігін көріп отыр. Аудандарда арнайы ресурстық орталықтар ашылып, кәсіби мамандар денсаулығында кінәраты бар, бүлдіршіндермен жұмыс істеп жатыр.

Бақдәулет Қалдыбай төртінші сыныпта оқиды. Оқу озаты. Күнделікті сабағын қалдырмайды. Психикалық дамуында тежелуі бар баламен мектепте арнайы педагогтар айналысады. 

Әлия Сәтбаева, ата-ана:

– Бірінші сыныпқа келгенде айтқан сөзінде түсінбеген. Мұғалімдердің сөйлеген сөзін қайталаған. Эхология болды бізде. Қазір айтқан сөзіңді түсінеді. Жауап береді. Өзі ойлағанын айтады. Минутына Бақдәулет 107 сөз оқиды. Ол бізге өте жақсы жетістік.

Петропавлдағы нөмірі екінші орта мектеп инклюзивті білім беру жүйесіне бірнеше жыл бұрын көшті. Қазір мұнда 60-қа жуық ерекше бала тәрбиленеді. Әрқайсысымен жеке–жеке түзету-дамыту жаттығулары жүргізіледі. Яғни психолог, деффектолог, логопед сынды білікті мамандардың еңбегі зор. Осының арқасында жеткіншектер қоғамға бейімделуде. 

Виктория Паршина, педагог- психолог:

– Психолог ретінде дамыту сабақтарында мен дәстүрлі емес әдістерді қолдануға тырысамын. Көбінде ол моториканың дамуына және логикалық ойлауға айтарлықтай көмектеседі. Нәтижесінде балалардың мінез-құлықтары өзгеріп, ортаға тез бейімделеді.  

Иә, мұндай балғындардың мінез-құлқымен, денсаулық жағдайы әр түрлі болғанымен мақсаты бір. Ол – ортаға сіңісу. Сондықтан облыста бұл мәселе оң жолға қойылған. 

Елена Балтина, қалалық білім бөлімінің әдіскері:

– Өңірдегі мемлекеттік балабақшалардың 75, ал жалпы білім беретін мектептердің 80,4 процентінде инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған. Қазір бізде 18 жасқа дейін денсаулығында кінараты бар балалардың саны төрт мың. Оның тең жартысы осы жүйенің арқасында қатарластарынан қалмай сапалы білім алуда.

Мектептерден бөлек өңірде 16 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті және 3 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация орталығы жұмыс істейді. Ең бастысы – олар бүлдіршіндердің жүрегіне шуақ, арманына қанат бітіруде.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов