Президенттің ЖОО филиалын ашу туралы тапсырмасын оралдық ғалымдар қолдайды

Мемлекет басшысы өңірлерге үздік педагогтар тартуды және жастарды жұмыспен қамтуды көздейтін гранттар бөлуді тапсырды. Президенттің тапсырмасымен елде 5 бірдей университет филиалы ашылмақ. Оның екеуі елдің батыс өңіріне тиесілі.

Бұған оралдық ғалымдар қуанып отыр.

Олар: «шетелде оқыған жастар сол жақта қалып қоймай, білгені мен түйгенін ел игілігіне жұмсауы тиіс. Бұл үшін оқытудың жаңа инновациялық тәсілдерін енгізу қажет», - дейді.

Сергей Офицеров қайта құрастырған мына шағын көлік электр қуатымен қозғалады. Ол мұны осыдан 9 жыл бұрын студент кезінде жасапты. Пайдалы техника қазір ғылыми-білім кешенінің ауласындағы жұмыстарды атқаруға жәрдемдеседі. Ізденімпаз жас Оралдағы техникалық университетті тәмамдап, кейін білімін Ресейдің айтулы оқу орынында жалғастырыпты. Ол жақтағылар менің Ресейде қалуымды құп көрді. Біраз үгіттеді де. Бірақ жиған-терген білімді туған жерде кәдеге жаратуды жөн санадым, дейді ол.  

Сергей Офицеров, ақпараттық-сараптамалық институт директоры:

- Қандай да бір пайдалы білімге ие адамдардың елімізден кетіп жатқаны рас және бұл көңілге қаяу түсіреді. Әрине бұл кез келген саналы ел тұрғынының өз қалауы екені түсінікті де. Бірақ, Қазақстанда білгеніңді пайдаға жарату, іске асыру мүмкін болмай жатаныны рас. Сондықтан оған қолайлы жағдай туғызу қажет. Қазір мен өз білгенімді үйретіп жүрген адамдардан команда жасақтауға кірістім. Сол арқылы ұжымдық зияткерлікке ие қоғам құруға болады деп санаймын.

Закир Хамзин де Оралдағы жоғарғы оқу орнында техникалық мамандықты меңгерген. Кейін Ресейдің Дубна қаласында білімін ұштапты. Техникалық пәндер магистрі қазір жергілікті техникалық университетте басшылық қызметте.  

Закир Хамзин, инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің оқытушысы:

- Ана жақта оқыған кезде бізге жағдай жасалды. Квартирамызды, стипендиямызды төледі, оқуымыз тегін болды. РФ грантын ұтып алған болатынбыз.  Сондай мүмкіндіктер жасады, үйленгеннен кейін ведомоственный квартир берді. Барлық жағдай жасады бізге қалып қоюымызға. Әрине әр ел келіп жатқан барлық мықты мозг дейді ғой, мозгтарды алып қалғысы келеді. Егер осындай мүмкіндіктер берілетін болса біздің студенттерге, олар қалмай осы жаққа келіп өзімізде оқып, өзімізге мықты маман болып қалар еді.

Университет жыл сайын мыңдаған техникалық кадр даярлайды екен. Олар коммуникация, ақпараттық технология және бағдарламалық қамту секілді мамандықтар. Бірақ техникалық кадрлардың жаңа буынын дайындау үшін тың тәсілдер қажет.    

Ақсерік Әйтімов, Инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің құрылтайшысы:

- Көп жылдан бері мүмкін қажет те болар, бізде басымдау гуманитария болып кетті. Президент айтты ғой, бізде атомный промышленностті игеру керек, водородный промышленностьті игеру керек. Электр қуаты бар, баламалы энергетика бар, бірақ та электрик мамандары жетпейді. Неге десеңіз оны алғанша сен лицензия бірталай терің шығады. Сол себептен бұл жүйе өте дұрыс, мен ойлаймын білім саласы, Қазақстанның мамандары ертең алтын сияқты мамандар болады.  

Ал Оралдағы аграрлық-техникалық университет өз базасын шетелдік жоғарғы оқу орыны филиалдарына ұсынуға дайын. Бұдан ұтатын тұстарымыз көп. Шетел университеті жаңа технологиясын ала келеді. Әсіресе еңбек нарығында сұранысқа ие сапалы маман даярлауда көмегі көп болмақ. Өйткені өңірде қорғаныс өнеркәсібіне, мұнай-газ, қайта өңдеу және машина жасау саласына маманданған өндіріс ошақтары баршылық. IT технологияны меңгерген сапалы кадр ең алдымен соларға керек, дейді оқу орнының басшылары. 

Асқар Наметов, Жәңгір хан атындағы батыс қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры:

- Сондықтан шетелдің универсиеттерін біздерге тартып ең жақсыларын, соның ішінде батыс өңіріне деп отқаны екеуін, ол жаңағы жаңа технологиясымен бірге жаңа білімдерін осы университеттерге шоғырландырып, тура сол білімді ол жерде бере алатындай болсын деп. Себебі студенттерді ол жаққа жібергенше олардың мамандарын шақырған жеңіл. Себебі ол қаражат жағынан да жеңіл, білім алу жағынан да и университеттің өсуіне де сала келеді. 

Білім сапасын көтеру, жастар арасында жұмыссыздықты жою, олардың іскерлік бағыттағы ұсыныстарын қолдау жаңа жасақталған үкімет алдындағы басым міндеттер болмақ. 

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов