Мектепке дайындық

Жаз мезгілінің соңы ата-аналар үшін балаларын мектепке дайындаумен өтеді. Бұл жолы да қазақстандықтар базар аралап, жаңа оқу жылына бала-шағасын дайындап әлек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дайын әрі қолжетімді тауар табу жыл сайын қиындап барады – дейді, ата-аналар. Оның үстіне қымбатшылық қыспаққа алуда. Абай облысының тұрғыны Ғалия Ғабиденова немересін жаңа оқу жылына дайындауға кіріскен. Айтуынша, тек кеңсе заттарына 30 мың теңгеге жуық ақша кетті. Мәселен, бір қорап пәндік дәптердің бағасы 3 жарым мың теңге тұрса, өшіргіштің ең арзаны – 250 теңге.

Ғалия Ғабиденова, Абай облысының тұрғыны:

- Бәрі қымбаттап тұр. Бір дәптердің өзі 75 теңге деген сұмдық қой. Көп балалы аналарды былай қойғанда бір-екі баласы барларға ауыр тиіп отыр.

- Былтыр бір балаға 10-15 мың жұмсасақ, биыл 30 мыңға барып жығылды ғой дей.

- Кезек-кезек киіндіріп жатырмыз. бір айда бір баланы. бәрін әкелуге

ШЫМКЕНТТЕ МЕКТЕП ФОРМАСЫ 25% ҚЫМБАТТАДЫ

Шымкенттік тұрғындар да мектеп формасының бағасы қымбаттағынан байқады. Қазір ата-аналар базарда бір оқушыны бастан аяқ киіндіру үшін орта есеппен 100 мың теңгенің төңірегінде ақша жұмсайды. Ал қалтасындағы барын үнемдеп үйренгендер кемінде 60 мың теңге шығын кететінін айтады. Мектеп киімдерінің базардағы бағасы өткен жылмен салыстырғанда 25%-ке артқандықтан сатылымы да әлдеқайда төмендеп кетті-дейді сатушылар. Сондықтан тұтынушы саудасын сақтап қалу үшін үстеме бағаны мейлінше азайтып, банк қосымшасы арқылы бөліп төлеуге де жағдай жасап отыр екен.

Гүлмира Қасымова, сатушы:

- Бізде Қытай, Түркия бірақ бәрі фабрикада тігіледі. Сапасы жоғары, жақсы. Биыл былтырғыға қарағанда әрине анағұрлым қымбат болып келіп жатыр тауарлар. Сондай-ақ біз де рассрочкамен алуға болады. Затты бөліп төлеуге.

Балаларды мектепке дайындау үшін үкімет мұқтаж отбасыларға қаржылай қолдау көрсетіп отыр. Биылдан бастап Оқу-ағарту министрлігі материалдық көмек көрсету ережелеріне өзгерістер енгізді. Бұған дейін өңірлерде бөлінген сома 17-ден 40 мың теңгеге дейін болса, биыл бұл сома ұлғайтылып, кемінде 37 389 теңгені құрап отыр.

Элина Паули, ҚР Оқу-ағарту министрлігі комитет басшысының орынбасары:

- Әр бала үшін төленетін ақша көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз болмауы керек. Қазір ол 37 389 теңгеге тең. Әкімдіктер қажет деп тапса, бұл сома көбейтілуі де мүмкін. Елде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларды мектеп жабдықтарымен қамтуға 15 млрд теңге қарастырылды. Бұл арқылы 418 мың оқушыны жаңа оқу жылына дайындаймыз.

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДА 13 МЫҢ 573 БАЛА КӨМЕККЕ МҰҚТАЖ

Бұдан бөлек әр облыста жергілікті әкімдіктер кәсіпорындар мен өзге де ұйымдарды «Мектепке жол» акциясына белсене қатысуға шақырып жатыр. Бұндай шаралар өз кезегінде ата-аналарға көмек болмақ. Мәселен, қазір Ақтөбе облысында 13 мың 573 бала көмекке мұқтаж оқушылардың тізімінде тұр.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ 52 МЫҢНАН АСТАМ БАЛАНЫ МЕКТЕП ФОРМАСЫНА МҰҚТАЖ

Ал Түркістан облысында биыл 52 мыңнан астам баланы мектеп формасы және оқу құралдарымен қамту үшін жалпыға міндетті білім қорына 3 млрд, ал бюджеттен қосымша 1,9 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл ақша көмекке мұқтаж ата-аналардың есеп-шотына түседі – дейді, жергілікті билік өкілдері.

Дінислам Болатханұлы, облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы:

- Атаулы әлеуметтік көмек алмайтын отбасылардың да ата-аналары хабарласып жатыр. Көпбалалы отбасылар, оларға да біз көмек беретін боламыз. Бұл «Мектепке жол» акциясы аясында жүргізіледі. Бүгінгі күннің өзінде 778 балаға 19 млн 309 мың теңгенің көмегі берілді.

Жалпы республика бойынша 150 мыңға жуық отбасы балаларын мектепке дайындау үшін мемлекеттен қаржылай көмек алып үлгерді.

Авторы: Риат Шони